Алматы облысында «Мичурин бағы» ашылады

  • 14
  • 27.11.2025, 19:55

Онда ресейлік селекционерлер шығарған жеміс-жидектің алуан түрі өсіріліп, жергілікті климатқа бейімделеді. Бұл тәлімбақта отандық бағбандар үшін генетикалық қор құрылады. Бұл туралы Алматыда өткен «EXPO – Аграрлық сектордағы озық технологиялар» халықаралық көрмесінде айтылды.

Биыл көктемде елде агроөнеркәсіп кешенінде Қазақстан-Ресей озық технологиялар орталығы ашылып, бүгінге дейін бірқатар жоба әзірленді. Соның бірі – «KAZ AGRO CARBON» агроклиматтық көміртекті полигоны. Ол Ресей ғылым академиясымен бірлесе отырып, Ақмола облысындағы «Бараев» астық шаруашылығы ғылыми-өндіріс орталығында құрылған. 

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті:

- Бізде Қазақстанда карбондық егіншілік дамымаған. Сол егіншілік даму үшін біз мына Солтүстік Қазақстанда Ресей академиясымен бірге карбондық полигон құрдық. Бұл өте маңызды қадам. Қазір осындай полигондар, басқа табиғи зоналар құрылады. Біз мына карбондық егіншілікті іске асырып, соны экономикалық айналымға алып келуіміз керек.

Ал 1 желтоқсанда Қазақ жеміс-көкөніс ғылыми-зерттеу институтының базасында «Мичурин бағы» ашылады. Онда Ресейдің мол өнім беретін әрі төзімді 600-ден аса жеміс сорттары жерсіндіріледі. Бұл бақ екі елдің далалық генетикалық топтамасын толтырып, селекциялық бағдарламалар мен өнімді терең өңдеу алаңына айналады. 

Пётр Чекмарев, Ресей ғылым академиясы президентінің орынбасары:

- Ресейде түрлі мәдени сорттардың үлкен генетикалық қоры бар. Бұл генетикалық коллекция алдағы уақытта кеңейіп, Қазақстанның климаттық жағдайларына бейімделген жаңа қазақстандық сорттар шығарылады. Осылайша сіздер бау-бақшаны дамыту үшін генетикалық материалдың әлдеқайда кең қорына қол жеткізесіздер.

Көрме аясында екі ел ғалымдарының пленарлық отырысы мен аграрлық ғылымның бағыттары бойынша секциялық коференциялар өтті. Айтулы шара Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізілді. 

Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев