«Самұрық-Қазына» қоры ₸122 млрд-ты тиімсіз жұмсаған

  • 12
  • 28.11.2025, 19:36

Бұл жайлы жоғары аудиторлық палатаның тексерісінен кейін белгілі болды. Аудиторлар 119 жүйелік кемшілік байқап, компанияның 351 миллион теңге көлемінде заңбұзушылықтар жасағанын анықтады. Әсіресе стратегиялық жоспарлау мен басқаруда елеулі кемшіліктер байқалған. Мәселен, 2020–2024 жылдары қолға алынған 175 жобаның 49-ы ғана аяқталған. Ал 41 компанияның табысынан шығыны артық болған. Кейбір материалдар құқыққорғау органдарына жолданды. Сарапшылар: «Бұл қордың құрылымын оңтайландырып, қаражатты тиімді басқару қажет»,– дейді. 

Жандос Жүнісов, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мемлекеттік аудиторы: 

-Тексеріс «Самұрық-Қазына» қорынан бөлек, «Қазатомпром», «Самұрық Қазына» өңдеу сияқты бірнеше еншілес компанияны қамтыды. Жалпы 18 заңды тұлғаға аудит жүргізілді. Біз стратегиялық жоспарлау мен басқару салаларында бірқатар мәселе анықтадық. Мысалы, 2018-2021 жылдарға арналған қорды трансформациялау бағдарламасының аясында 8 компанияны халықаралық деңгейге шығару керек еді. Алайда бұл мақсат орындалмаған.