Солтүстік Қазақстан облысында жаңадан салынған жылу қазандығы іске қосылмай тұр. Коммуналдық нысан Ғабит Мүсірепов атындағы аудан орталығында 2022 жылы пайдалауға берілген. Оның құрылысына облыстық бюджеттен 1,1 млрд теңге бөлінген. Бірақ орталықтандырылған жүйе бір күн де істемей, жабылып қалған. Бұл туралы арнамызға тұрғындар хабарласып, көмек сұрады.
Бұл Ғабит Мүсірепов атындағы ауданының орталығы – Новоишим ауылы. Елді мекенде 100-ден астам көппәтерлі үй бар. Бірақ олар әлі күнге автономды қазандықтарға қосылған.
Аудан орталығында тау-тау болып үйіліп жатқан көмір мен осындай ұзын мұржаларды көп байқауға болады. Оларды кезінде тұрғындардың өздері салып алған. Осындай бесқабатты тұрғын үйлер осындай жылу қазандығымен жылытылады.
Бұл мәселені шешу үшін 2022 жылы аудан орталығында 20 мегаваттық жылу қазандығы салынды. Оның құрылысына 1,1 млрд теңге бөлінді. Бірақ мемлекет меншігіндегі нысан әлі күнге дейін іске қосылмай, жабық тұр.
Ербатыр Орманов, коммуналдық кәсіпорынның директоры:
-Биыл аудан орталығындағы желілер дайын болмай, жылу қазандығы іске қосылмай қалды. Енді бұл жұмыс келер жылға қалып отыр. Мамыр айынан бастап құбырларды жуып-шайып, жүйені толық ретке келтіреміз.
Қазір аудан орталығындағы үйлер, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар бес автономды және бір модульді қазандыққа қосылған. «Қыс бойы будақтап тұратын мұржалардан терезе ашып, далаға кір жаю мүмкін емес», – дейді тұрғындар.
Анастасия Масалыкина, ауыл тұрғыны:
-Мен 1,5 бөлмелі пәтерді жалдап тұрамын. Айына тек жылу үшін 22-23 мың теңге төлеймін. Бұл өте қымбат. Оның үстіне былтыр алған көмір нашар болған сияқты. Қыс бойы тоңып жүрдік.
Новоишим ауылында 12 мың адам тұрады. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, жаңа қазандық жылу тарату желілерінің салынуына байланысты істемей тұр. Бұл мақсатқа былтыр 2,7 млрд. теңге бөлініп, 11 шақырым құбыр тартылған. Бірақ жоба толық қаржыландырылмай, жұмыс келер жылға қалды.
Ерлан Аманжолов, Ғабит Мүсірепов ауданы әкімінің орынбасары:
-Сонымен қатар жоба бойынша құбыр үйлердің аумағына дейін тартылады. Қазір жұмыс 90% орындалған. Келер жылы жылыту қазандығына 74 нысан қосылады. Оның ішінде әлеуметтік ұйымдар да бар.
Қазандық іске қосылған күні аудан орталығы толық жылумен қамтылып, ескі пештер алынып тасталады. Сонымен қатар бұл нысан тарифті екі есе төмендетуге мүмкіндік береді.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков