Ақтөбе облысында жаңадан 20 гидробекет орнатылды

  • 4
  • 01.12.2025, 18:47

Өңірде тілсіз жауға тойтарыс беруге бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр. Бірнеше елді мекеннің сыртына биік бөгет тұрғызылды. 

Былтыр Ырғыз ауданындағы бірнеше елді мекенді су басқан еді. Қираған ауыл тұрғындарын қайықпен және тікұшақпен құтқаруға тура келді. Сондықтан мамандар Ырғыз бен Торғай өзендерінің деңгейін бақылап отыру үшін алты ауылдың тұсына гидробекет орнатты. 

Мансұр Есқожин, тілші:

- Темірден соғылып, бетоннан құйылған 24 тұрақты гидробекет жыл бойы жұмыс істейді. Ал уақытша орнатылған 20 гидробекеттен тек ақпан мен мамыр айлары аралығында ақпарат алуға болады.

Қазгидромет орталығы мамандары көктемгі су тасқыны кезінде бұл қадаларды күніне екі рет өлшейді. Егер су қарқынды болса, сағат сайын қадағалап, ақпаратты орталыққа жеткізіп отыруы тиіс. 

Галина Станкевич, «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының инженер-гидрологы:

- Олар судың деңгейі мен температурасын, ауа температурасын бақылайды. Кей бекеттерде қар және мұздың қалыңдығы, су шығындары өлшенеді. Ал уақытша орнатылған бекеттерде судың деңгейі, қардың сөгілу, сеңнің қозғалу уақыттары бақыланады. 

Өңірде елді мекендерді көктемгі су тасқынынан сақтауға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылды. Мәселен, Ырғыз ауданындағы 6 ауылдың сыртына бөгет тұрғызылды. 

Дулат Кенжебаев, Ырғыз аудандық гидротехникалық құрылғыларға қызмет көрсету мекемесінің бөлімше басшысы:
- Бөгеттің төменгі ені – 6 метр, биіктігі – 3 метр, жоғарғы жотаның ені 4 метр болып салынған. Жалпы жұмыстар өз деңгейінде жүргізіліп келе жатыр. Осы алты елді мекеннің салынған бөгеттері селолық округ әкімдерінің теңгерімінде. Мердігер компания осы екі жыл кепілдемеге байланысты қалпында ұстау мақсатындағы жұмыстарды жүргізетін болады.

Көктемгі су тасқынына тосқауыл ретінде биыл облыс аумағындағы елді мекендер маңына 23 шақырым бөгет салынған. 8 шақырым арық қазылды. Өзен арналарының жағасы бекітіліп 4 шақырымнан астам табаны тазартылды. 

Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов