Бұған Қостанайдағы қолайсыз ауа райы себеп, әуе кемесін қауіпсіз қондыру мүмкін болмаған. Бұл жайтты компанияның баспасөз қызметі де растады. Рейс аспан ашылған соң ғана қайта ұшты. Дегенмен соңғы уақытта халықтың әуе компанияларға деген өкпесі қара қазандай. Жолаушылар рейстердің жиі кідіріп, сағаттап күттіретініне наразы.
Алматы тұрғыны Екатерина Орлова отандық әуе компанияларының қызметін жиі пайдаланады. Ол кішігірім кідірістерге мән бермейтін. Алайда соңғы жағдай шыдамының шегіне жеткен.
9 айлық қызымен ұшуға шыққан рейсі төрт сағатқа бөгеліп, әуе компаниясынан ешқандай түсініктеме ала алмапты.
Екатерина Орлова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Мен енді ешқашан FlyArystan компаниясымен ұшпаймын! Рейстің бөгелгені аздай, бізге бірауыз мардымды жауап айтқан жоқ. Бесіктен белі шықпаған баламен күтіп отыру қиын болды. Әуе компаниясы бізге су да, тамақ та ұсынған жоқ.
Әлеуметтік желіде де жолаушылар тарапынан шағым қарша борауда.
Мәселен, Жансая Омарова әкесінің көз жұмуына байланысты Алматыға алған әуе билетін қайтарғысы келген. Бірақ әуе компаниясы билет құнын өтеуден бас тартқан.
Мәселені анықтау үшін FlyArysran компаниясының баспасөз қызметіне хабарласқан едік. Алайда компания өкілдері сұхбат беруден бас тартты. Десе де, шағымның көптігі рас. Оны авиация әкімшілігі де растап отыр.
Всеволод Ким, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ департаментінің бас авиациялық инспекторы:
- 6 қазаннан бастап әуе компанияларының қызметін тексеруді қолға алдық. Негізінен жолаушылар FlyArystan компаниясына көп шағымданды. Бұл әрине, рейстер мен жолаушылар ағыны көптігіне де байланысты екенін мойындауымыз керек. Жалпы ережелерге сәйкес, жолаушылардың құқығын бұзған әуе компанияларына 150 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Ведомство өкілдері жолаушыларға құқықбұзушылық анықталған жағдайда барлық дәлелдерді жинап, ресми шағым түсіруге кеңес береді.
Дана Әлиева, Руслан Тәуірше