Металлургиялық және сусын зауыттарының құрылысы келер жылы басталуға тиіс. Облыс орталығында халықаралық инвестициялық форум өтті. Өңірдің экономикасына тың серпін берер іс-шараға әлемнің 20 елінен келген түрлі компания өкілі қатысты.
Инвестициялық форум алаңы – халықаралық экономикалық ынтымақтастықтың алғышарты. Сондықтан әлемнің түкпір-түкпірінен келген меймандарға жергілікті тауарлар көрмесі ұйымдастырылып, Ақтөбе облысының әлеуеті таныстырылды. Бизнес өкілдеріне инвестицияға тартымды салалар тізімі ұсынылды. Мәселен, түркиялық компания электр станциясын салуды көздейді.
Эмрах Гюней, «Murel» компаниясының қаржы директоры:
- Қазір біз қуаты 10 МВт болатын бу-газ қондырғысын салып жатырмыз. Бұл бірінші кезең ғана, алдағы уақытта электр энергиясын өндіру көлемін 180 МВт-қа дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі форумда меморандумға қол қоямыз.
2025 жылы өңір экономикасы шамамен 900 млрд теңге инвестициямен толықты. Былтырмен салыстырғанда 29 пайыз өсім бар. Мәселен, жалпы құны 110 миллиард теңгеден асатын сегіз кешенді жоба жүзеге асқан. Қазір облыста 19 мыңнан астам өндіріс орны жұмыс істеп тұр.
Досжан Әлібеков, облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:
- Потенциалды инвесторға біз арнайы экономикалық аймақты ұсынамыз. Ақтөбе облысында осы жылы ашылды. Қазіргі таңда инфрақұрылымын тарту жұмыстары жүріп жатыр. Одан бөлек, жер қойнауын пайдалануда бізде үлкен мүмкіндіктер бар. Сондықтан әрбір инвестормен біз жеке-жеке сүйемелдеуге дайынбыз.
Инвестициялық форумға бизнес өкілдерімен қатар 7 мемлекеттің елшісі қатысты. Халықаралық деңгейдегі пленарлық отырыс пен тақырыптық сессиялар барысында өнеркәсіп саласындағы әріптестік, ауыл шаруашылығын дамыту, цифрландыру мәселелері талқыланды.
Асхат Шахаров, облыс әкімі:
- Жалпы айтқанда 400 млрд-тан астам бүгінгі күні меморандум және нақты келісімшартқа қол қойылады. Тағы да аталған жобалардың жол картасы бекітіледі. Жалпы айтқанда, аталған сома біздің өңірімізге құйылатын болады. Әрине, инвестиция арқылы даму жолы қарқыны жоғары болады. Сондықтан бүгінгі алаң біз үшін өте маңызды деп есептейміз.
Форумда 17 меморандумға қол қойылды. Шетелдік инвесторлар Ақтөбе облысында жаңа өндіріс орындарын ашумен қатар машина жасау, металлургия, цифрлық өндіріс және медициналық инфрақұрылым салаларындағы жобаларды заман талабына сай жаңғырту тәсілдерін де ұсынып отыр.
Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов