Маңғыстау облысындағы «Құрық-Жетібай» жолы жөнделді

  • 6
  • 08.12.2025, 18:46

Республикалық маңыздағы трасса Қарақия ауданындағы қос ірі елді мекенді жалғайды. Жалпы ұзындығы 64 шақырым болатын жолмен транзит жүк тасымалы толассыз жүріп жатыр. Бұрын жүк көліктері Ақтау қаласы арқылы «Құрық» портына баратын. Енді теңіз айлағына Жетібай ауылынан тіке қатынап, 120 шақырымды үнемдейді.

«Құрық-Жетібай» трассасы тәуелсіздік жылдары бірде-бір рет күрделі жөндеу көрген жоқ. Тозығы жеткен жолды қалпына келтіру 2021 жылы басталды. Алдымен 24 шақырымы төселді. Қалған 40 километрі жуырда аяқталып, екі ауыл арасында қоғамдық көлік қатынасы қайта жанданды.

Құдайберген Төребаев, Жетібай ауылының тұрғыны:

- Қотыр жол болды, оқуға да кешігетінмін. Бір күн бұрын келетін едім. Сөйтіп асфальт төселгеннен кейін қазір автобус қатынайды. Қазір оқуыма да үлгеремін. Ауылға да барамын. 

Ержан Бекниязов, Құрық ауылының тұрғыны:

- Атаулы әлеуметтік көмек, халыққа қажетті құжаттардың бәрін ауданға әкелу үшін қатынас қиын болатын. Себебі Өзеннен шығады да Ақтауға барады. Ақтаудан «Құрыққа» қарай келетін. Қазір енді Жетібай мен «Құрықтың» жолы салынды. Ол халыққа өте ыңғайлы.

Жоба құрылысына мемлекет бюджетінен 11,5 млрд теңге жұмсалды. Толық жөндеуден соң трассаның көліктік-пайдалану көрсеткіші 8 тоннадан 13 тоннаға дейін ұлғайды. Трасса жиегі жарықтандырылып, жаяу жүргіншілер жолағы мен теміржол өткелі салынды. Төрт түліктің жолға шықпауы үшін 27 шақырым аумақта қоршау қойылды.

Қазбек Мамбетов, «ҚазАвтоЖол» ҰК Маңғыстау облыстық филиалының директоры:

- Біздің аймақтан шығатын үлкен жолдардың біреуі, күре тамыры. Басқа облыстарға шығып кететін осы жол. Порттан Әзербайжан болсын. Түрікменстаннан келген жүктерді тасымалдауға өзінің себебін тигізеді. Айналма жолы бар. Ауылдың ішімен өтпей, жүк көліктерінің айналып өтуіне ықпал етеді.

«Құрық-Жетібай» трассасы халықаралық көлік дәлізінің маңызды бөлігі. Өзбекстан, Ресейден келетін транзиттік жүктер осы жолмен «Құрық» портына келеді. Одан әрі Әзербайжан арқылы Еуропаға жөнелтіледі.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Ренат