Әлеуметтік азық-түлік тізбесі ұлғайтылады

  • 3
  • 08.12.2025, 18:46

Сауда және интеграция министрлігі «Ашық нормативтік – құқықтық актілер» порталына осы өзгеріске қатысты бұйрық жобасын жариялады. Соған сәйкес, әлеуметтік маңызды тауарлар қатарына кіретін қазіргі 19 өнім түрі, енді 33-ке дейін ұлғайтылмақ. Атап айтқанда, тізімге қара шәй, сүт, ірімшік, қияр, қызанақ, алма, және балық өнімдері кіреді. Сондай-ақ сиыр және қой етін енгізу көзделген.

Бұл мәселе бұған дейін Үкіметте қаралып, бүгінде қоғамдық талқыға шығарылып отыр. Егер өзгеріс күшіне енсе, келер жылдан бастап қолданыста болады. Жаңа тізімде болуы тиіс тауар түрлері өңірлердегі тұрақтандыру қорларында да сақталуы қажет. Ал Сауда және интеграция министрлігі бақылау жүргізетін болады. Мұндай өзгеріс әлеуметтік маңызы бар тауар өндірушілерді де қолдауға бағытталған.        

Тойгүл Жұбанисова, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі:

- Сауда және интеграция министрлігі бизнес өкілдерімен, ірі импорттаушылармен және «Атамекен» ұлттық палатасымен, жалпы осы салаға тиесілі қоғамдық бірлестіктермен талқылау жұмыстарын жүргізеді. Осы тауар түрлері өнімін ұлғайту мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан субсидиялау, жеңілдетілген несиелер немесе жалпы гранттардың өте көп тізбесі бар. Осындай қолдауға ие бола алады.