Арнамызға мұң-мұқтажын айтып, сұхбат берген бірнеше азаматқа компания келісімшартты біржақты бұзу туралы хат жіберген. 4 жыл бойы пәтерін асыға күткен үлескерлер бұл шешіммен келіспейді. Айтуларынша, нысан құрылысы көпке созылғаны аздай, бірқатар құжаттары толық рәсімделмеген. Тұрғын үй кешені орталықтандырылған жылу жүйесіне де қосылмаған. Үлескерлер бұл мәселені ашық көтере бастағаннан кейін G-Park компаниясы: «бізге осылай қысым көрсетті», - деп отыр. Сондықтан олар сотқа жүгінуге ниетті.
Жаухаз Сауытбаева, Астана қаласының тұрғыны:
- 100% ақша төлесек те, үй бойынша бір де бір құжатқа қол жеткізе алмадық. Сұрақтарымыз да сол күйі жауапсыз қалды. Сондықтан 29 қараша күні «Хабар» арнасына сұхбат бердік. Небәрі 3 күннен кейін құрылыс компаниясынан келісімшартты біржақты бұзу туралы хат келді. Бұл құқығымызды таптау деп білемін. Бізге қазір ақшамызды қайтарған күннің өзінде 4 жылда баспана құны шарықтап кетті емес пе?!