Оңтүстікте су тапшылығы болады

  • 19
  • 09.12.2025, 18:36

Алдағы жылы еліміздің оңтүстік өңірлерінде суару маусымы қарсаңында 1 млрд текше метрге дейін су тапшылығы күтіледі. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Ол баяндағандай қазір Шардара су қоймасына келетін ағын су 43% төмендеген, Жамбыл облысындағы суқоймаларға 41% ғана су жинақталған. Ал Нарын-Сырдария каскады резервуарларындағы су қоры былтырға қарағанда 3.8 млрд текше метрге аз. Үкімет енді су пайдалану мәселесін қатаң реттеуге кірісті. Атап айтқанда Ауыл шаруашылығы және Су министрлігі суды пайдалану бойынша лимит белгілейді. Диқандарға көп ылғал мен күтім сұрамайтын дақылдарды егуге кеңес беріледі. Оның сыртында әр өңірде ылғал сақтайтын инновациялық препараттарды сынау жоспарлануда. Үкіметбасы облыс әкімдеріне коммуналдық меншіктегі гидротехникалық нысандар мен ирригациялық каналдарға жөндеу жұмыстарын жүргізуді, шекаралық аймақтарда сырттан кіретін судың уақтылы келуін және фермерлердің егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстарын қатаң қадағалауды тапсырды

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

-
Су ресурстары министрлігі бекітілген лимиттерден тыс су беру жағдайларының алдын алсын. Бұл өте өзекті мәселе мен қайталап айтайын. АШМ егіс алқаптарын әртараптандыру жөнінде тиісті кесте бекітті. Алдағы уақытта барлық жұмыстар осы кестеге сәйкес жүргізілуге тиіс. Мысалы, бір шаруашылықта біз 100 Га болу керек десек, ертең 1 Га артық егілсе, біз оған бір тамшы су бермейміз. Егер ертең АШМ бекіткен көрсеткіштерді бұзып, диқандардың шығыны болса, бір тиыны да бюджеттен өтелмейді.