Өнеркәсіп саласында 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады

  • 47
  • 10.12.2025, 18:35

Алдағы 2 жылда еліміздің өнеркәсіп саласында 30 мыңнан астам жаңа және тұрақты жұмыс орындары құрылады. Бұл туралы Құрылыс және өнеркәсіп вице-министрі мәлімдеді. Қазірдің өзінде құны 10 трлн теңгеден асатын 20 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін ірі индустриялық жобалар тізбегі жасақталған. Олар негізінен шикізатқа тәуелділіктен арылып, қосылған құны бар, дайын өнеркәсіп өнімдерін шығаруға бағытталған. Мәселен, Жамбыл облысындағы күкірт қышқылы және минералды тыңайтқыштар өндіретін кәсіпорынның құрылысы келесі жылы аяқталады. 2027 жылы Түркістан облысында Састөбе химиялық кешені, Тойқоңыр қышқыл зауыты, Батыс Қазақстанда калий тұздарын байыту комбинаты, ал 2028 жылы Қарағандыда ішкі өндіріске қажет болаттың жаңа түрлері, Қостанайда брекеттелген темір кәсіпорындары іске қосылады. Мұның сыртында 11 мың жұмыс орнын құратын шетелдік инвесторлардың 20 жобасы мен 3 мыңдай жұмыс орнын беретін 9 екі және көпжақты бірлескен жобалар бар. Отандық және шетелдік инвесторларды қолдау мақсатында мемлекет өз тарапынан қажетті инфрақұрылымдарды жүргізіп жатыр.

Олжас Сапарбеков, ҚР Құрылыс және өнеркәсіп вице-министрі:

– Мәселен, 2022 жылдан бері Бәйтерек Холдингі арқылы тартылған қаражаттарды қоса есептегенде 700 млрд теңгеден астам қаржыға 116 жоба жүзеге асырылды. Аталған шаралардың нәтижесінде алдағы 2 жылда 30 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны құрылып, еліміздегі қажетті жаңа өнімдердің түр-түрін елімізге өндіретін боламыз.
Яғни отандық өнім үлесін арттырамыз.