Қазақстанда қару иелері мен жеке күзет ұйымдарына қойылатын талаптар күшейтіледі. Сондай-ақ елімізде «әскери теміржол күзеті» құрылады. Аталмыш құрылым жүктер мен теміржол нысандарын үздіксіз күзетуге жауапты. Мәжіліс тиісті заңды қабылдады. Депутаттар салықтық жеңілдіктерге қатысты да құжатты қарады. Онда коммуналдық кәсіпорындарға жеңілдік беру көзделген.
Елімізде жарық, су мен жылу өндіретін компанияларға салық жеңілдігі енгізілді. Мәжіліс тиісті заңды қабылдады. Мамандар: «Мұндай көмек коммуналдық кәсіпорынды жаңғырту үшін қажет», – дейді. Елімізде мұндай жалғыз мекеме бар. Ол – Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты. Неліктен оған арнайы қолдау көрсетіліп отыр? Ол – батыс өңірінің энергияға деген сұранысын қамтып отырған стратегиялық маңызды нысан. Құрал-жабдығы әбден тозған МАЭК-ке былтыр республикалық бюджеттен 5 млрд теңге бөлінген. Қазіргі талап бойынша мекеме соның 1 миллиард теңгесін салық ретінде мемлекетке кері қайтаруы тиіс. Мұндай тәсілмен жоспарланған жөндеу жұмыстары толық атқарылмай қалады. Заң осы олқылықты түзетуге бағытталған. Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: -Мемлекет өзі мемлекеттік компанияға береді көмекті. Бірақ соның 20 пайызын салық күйінде кері алып кетеді. Сондықтан берілген ақша толықтай қарыздарды жабуға немесе өзінің жабдықтарын жөндеуге толық жұмсалуы үшін біз айтып отырған салықты алып тастап отырмыз. Себебі ол мемлекеттің мекемесі, мемлекеттің ақшасы. Сондықтан ол сол жерде толық тиімді жұмсалуы тиіс. МАЭК-тің инфрақұрылым мәселесінен бөлек, тағы бір түйткіл бар. Қарызы қордаланып барады. Мәселен, қазір газ жеткізушіге берешегі 20 млрд теңгеге жетіпті. Осыған байланысты оның менеджмент қызметі де арнайы бақылауға алынатын болды. Күзет компанияларын бақылау күшейеді Мәжілісмендер қараған келесі құжат күзет қызметі мәселелеріне қатысты. Заң жобасы мемлекеттік бақылауды күшейту үшін әзірленген. Енді қару ұстайтын компаниялар өз қызметін тоқтата тұрған жағдайда 10 жұмыс күні ішінде қару мен оның патрондарын ішкі істер органдарына тапсыруға міндетті. Бұл қауіпсіздікті қамту үшін керек. Сонымен қатар құжатқа «Әскерилендірілген теміржол күзеті» деген жаңа ұғым енгізілді.Магеррам Магеррамов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: -Аталмыш құрылымының негізгі мақсаты – транзиттік теміржол жүк тасымалдарына тартылған терминалдар аумақтарында жүктерді және теміржол көлігі объектілерін күзетуді қамтамасыз ету. Бұл жұмыс үздіксіз жүргізіледі. Сонымен бірге заң жобасында редакциялық сипаттағы және нақтылау сипатындағы басқа да түзетулер бар. Халықаралық ынтымақтастық Мәжіліс Қазақстан мен Моңғолияның зейнетақы ынтымақтастығы жөніндегі құжатты да қабылдады. Екі ел арасында жұмыс, оқу, әскери қызметін өтеу, көшіп келу сияқты барыс-келіс тұрақты. Құжат осындай миграциялық рәсімдеулерді реттеуге арналған. Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбеков