Депутат: Тарифті қымбаттату күмән тудырады

  • 30
  • 10.12.2025, 18:39

Ұялы байланыс операторларының тариф құнын өсіретіні халық қалаулыларының да назарына ілікті. Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов бір топ әрістестері атынан Премьер-министр мен бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасына сауалнама жолдап, операторлардың мұндай қадамы миллиондаған азаматтың қалтасына салмақ деді. Ол тарифтің көтерілуі қарапайым отбасылардың өмір сүру сапасына қол сұғу деп бағалады. Оның айтуынша, 2023 жылдан бері елде байланыс қызметі 7-57% аралығында қымбаттаған. Сондықтан ұялы байланыс нарығын монополиядан арылту қажет. Бұл мәселе бойынша бұған дейін біздің арнамызда да сюжет берілген еді. Елімізде Altel, Tele2 және Beeline кейбір қызмет ақысын 20% өсіруді қарастырып жатыр. Бірі осы айда көтеруді жоспарласа, енді бірі жаңа жылдан бастап өсірмек. 

Жанарбек Әшімжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Осы ақпарат шыққалы еліміздің әр өңірінен сайлаушылар хабарласып, әлеуметтік желілерде, қабылдау бөлмелерінде өздерінің шағымдарын білдіруде. «Күнкөріс қиындап тұрғанда, неге байланыс та қымбаттауы тиіс?», «Неге баға бір мезетте көтерілді?» деген заңды сауалдар қойылуда. Расында, үш ірі оператордың тарифтерді бірдей көлемде, бір уақытта қымбаттатуы қоғамда үлкен күмән тудыруда. Бұл компаниялар арасындағы бәсекенің емес, өзара келісімнің, үйлесімнің, астыртын ақылдасудың белгісі емес пе?