Алматыда көптен күткен қар жауып, көпті әбігерге салды. Әуежайдағы ұшақтар кестеден кешікті. Қалада жол-көлік оқиғасы көбейіп, кептеліс артты. Синоптиктердің мәліметінше, Алматыға жарты айлық қар түскен. Қазір коммуналдық қызмет күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Қар тазалауға 3 мыңға жуық адам жұмылдырылған.
Желтоқсанның басы жылы болғандықтан алматылықтар жаңа жылды қарсыз қарсы аламыз ба деп алаңдап еді. Оның үстіне тұмау да көбейіп, жұрт аяз түссе екен деп тілеп еді. Көптің тілеуі орындалды.
Синоптиктердің мәліметінше, Алматыға жарты айлық қар түскен. Таулы аймақта ақ ұлпаның қалыңдығы 50 см-ден асып, қалада 20 см-ге жетті.Түннен бері коммуналдық қызметшілер дамыл тапқан жоқ. Жол тазалап, қар шығарып, мұзға қарсы қоспа септі.
Алмасхан Сматлаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:
-Жол қозғалысының үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін жолдарды тазалауға 990-нан астам арнайы техника және шамамен 2700 жол жұмысшы тартылған. Қазіргі таңда көше жабындарын өңдеу үшін 5,6 мың тоннадан астам көктайғаққа қарсы материалдар пайдаланылды.
Полицияның хабарлауынша кеше кешкі сегізден таңғы алтыға дейін 58 көлік апаты болған. Тоғыз адам жарақат алған. Тәртіп сақшылары тұрғындарды жол ережелерін сақтап, абайлап жүруге үндеп отыр.
Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:
-Алматы қаласының полициясы қалада қоғамдық қауіпсіздікті, сонымен қатар жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде басымдық беріп отыр. Әсіресе ауа райы күрт өзгерген кезде. Жол жүру процесіне қатысушылардың жеке жауапкершілігін атап айтқым келіп жатыр. Жылдамдықты асырмаңыздар, мұқият болыңыздар, қандай да бір қауіпті маневрларды жасаушы болмаңыздар.
Толассыз жауған қар әуежайдың қызметіне де бөгет жасады. Ішкі және халықаралық рейстердің біразы кешікті. Ұшу-қону жолақтары қардан тазартылды. Сондай-ақ әуе кемелеріне мұзға қарсы сұйықтық себілді. Тек түс ауа күн ашылған соң әуежай қалыпты режимде жұмыс істей бастады.
Қар жауса Алматыда кептеліс күшейетіні бар. Бүгін де солай болды. Қоғамдық көлікті ұзақ күткен жолаушылар жұмыстарына кешікті. Сондай-ақ алдағы екі түн қатарынан Алматыда -18 градусқа дейін суытады.
Аршын Кемелжан