Ұлттық ұланға шақыру жүріп жатыр

  • 9
  • 11.12.2025, 18:43

Тың жобаның арқасында бүгінде ел бойынша 1 миллионнан астам азамат әскери пункттерге тіркелген. Ал тек күзгі шақыру кезінде 22 мың жігітті Қарулы Күштер қатарына қосу көзделіп отыр.

Зейнолла Ғизатулла медициналық комиссия мен өзге де талаптан сүрінбей өтіп, әскерге аттанып бара жатыр. Саналы ғұмырын әскери салаға арнаған атасы секілді бала күнінен бері қарулы күштердің қатарында болуды армандапты. Мақсатына қол жеткізу үшін спортқа да жақын болып, бірқатар жарыстарға да қатысқан.

Зейнолла Ғизатулла, әскерге шақырылушы:

- Кезінде атам әскерде болғанын, әскери өмірде болғанын, жұмыс істегенін айтып отыратын. Содан кейін қызығып, жұмыс істегім келді. Менде әскери адам болғым келеді. Ұлттық ұланға барғым келеді.

Биыл ел бойынша 42 мыңнан астам жас жігіт әскер қатарына алынуы керек. Оның жартысына жуығы күзгі шақыру науқанында шақырылған. Тек Астана қаласынан 1 мың 600 азамат сапқа қосылмақ. 

Дәуренбек Шегебаев, ҚР Қарулы Күштері Бас штабының Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің аға офицері:

- Ең бастысы, ерікті түрде келетін азаматтар жиі кездеседі. Әскери патриоттық сезімдері, мектептен, үйден алған тәрбиелері барысында соның негізінде. Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланға шақыру жүргізіліп жатыр. 

Әскери саланың әлеуетін арттыруға арналған іс-шаралар да жүріп жатыр. Мерзімді әскери қызметін өткерген азаматтарға жоғары оқу орындарында грантпен білім алуға мүмкіндік бар. Ал биылдан бастап тиісті заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, оны жұмыспен өтеуден босатылды.

БЛИЦ-сауалнама:

- Біздің кезде ұялатын едік. «Әскерге бармадық, жігіт емессің», - деп армияға баратын едік. Мамаңнан кетіп, ана жаққа барғасын адам боласың ғой. Ана жақта өзің үшін өзің тіршілік қыласың.

- Бару керек. Мысалы, ол жерде характер болады, білмейтін заттарды үйренесің, үйретеді, талпындырады.

- Негізі бару керек, иә! Еркек болған соң көру керек бәрін. Негізі оқуды да оқу керек, оқу бітірген соң баруға болады.

- Міндет. Патриот. Армияға бармасақ, өзімізді кем санайтынбыз. Бармағандар өзіміз сұранып баратынбыз. «Мен де солай қалмаймын», - деп жылы шақырылып, екі жыл қызмет етіп келдік.

Қазір әскерге шақыру ісі СМС-хабарлама арқылы да жүргізіледі. Әскерилер бұған немқұрайлы қарамау керектігін ескертіп отыр. Себебі шақырудың бұл түрінің де заңдық күші бар. Ал әскерден жалтарғандар үшін жауапкершілік барын да айтуда.   

Ғани Артықов, Астана қаласы Қорғаныс істері департаментінің өкілі:  

- Енді осы әскерге шақыру хабарландыруына келмеген азаматтарымызға құқықтық шаралар қолданылады. Оның ішінде 5 айлық есептік көрсеткіштен бастап айыппұл салу да қарастырылған. Сонымен бірге әскерге шақырудан жалтарған азаматтарымызға 1 000 айлық көрсеткіштен, 3 000 айлық көрсеткішке дейін айыппұл салуда. Болмаса, 1 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айыруға, болмаса, қоғамдық жұмыстарға тартуға заңменен белгіленген.

Күздегі әскерге шақыру желтоқсанның соңғы күніне дейін жалғасады. Бүгінде бірқатар бөлімдер сарбаздармен толыққан.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Самат Сүлейменов