Елде 19,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі

  • 30
  • 15.12.2025, 18:32

Әсіресе құрылыс саласының қарқыны соңғы 30 жылда он есе артқан. Тек баспанаға деген қажеттілікті қамту үшін биыл 19 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салу көзделген. Жоспардың орындалу барысы қалай?

Астана құрылыс қарқын алған қалалардың көшін бастап тұр. Мамандардың есебінше, тек биылдың өзінде елордада 200-ден астам көппәтерлі үй салу қолға алынған. Бұдан бөлек, маңызды әлеуметтік және өзге де маңызды нысандар бар.

Гүлдана Әбіш, «Астана Бас жоспары» ҒЗЖИ Қала құрылысын жоспарлау бөлімінің бас маманы:

- Қазіргі салынып жатқан маңызды нысандардың қатарына біз республика сарайы, қабылдау үйі, Конгресс центр, Президенттің кітапханасы сияқты нысандарды жатқызуға болады. «Қазақстан» спорт сарайына реконструкция жасалынып жатыр, Мұңайтпасов атындағы стадион және де Ұлттық спорт университеті салынып жатыр және де техникалық университеттер салынайын деп жатыр. Осындай көптеген бизнес орталықтары мен сауда-саттық орталықтары салынайын деп жатыр.

Биыл елде 19,2 млн шаршы метр тұрғын үй құрылысын жүргізу жоспарланған. Бұл дегеніміз 176 мыңнан астам пәтер. Жыл басынан бері 14,6 млн шаршы метр баспана салынып, пайдалануға берілген. Құрылыс қарқыны артқан қалалар ішінде Астана, Алматы, Шымкент пен Түркістан, Қызылорда, Алматы облыстары тұр.

Амантай Телқожа, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бас сарапшысы:

- Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасына сәйкес, 2023-2029 жылдар аралығында 111 млн шаршы метр тұрғын үй құрылысын жүргізіп, 1 миллионнан астам отбасыны тұрғын үйлі қылу жоспарланған. Қазіргі таңда ол 46,1 пайызға орындалып отыр. 2023-24 жылдардың қорытындысымен біз жоспарды аса орындап, қазіргі таңда 6,1 млн шаршы метр өсіммен келе жатырмыз.

Құрылыс қарқыны әлі де арта бермек. Қазірдің өзінде «Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» бағдарламалары бойынша қаржыландыру 500 миллиард теңгеге дейін көтерілген. Бұл компанияларды ынталандырып отыр. Ал нарықта жылжымайтын мүлік бағасы әдеттегіше сұраныс пен ұсынысқа байланысты болмақ.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Келер жылы да құрылыс саласында атқарылуы тиіс жұмыс аз емес. Тек баспанаға деген қажеттілікті қамту үшін 15 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынып, пайдалануға беру көзделіп отыр. Бұдан өзге әлеуметтік нысандар тұрғызу да маңызды міндеттердің қатарында. Мамандардың айтуынша, белгіленген жобаларды іске асыруға мол мүмкіндік бар. «Әрі құрылыс материалдарының 80%-дан астамы өзімізде өндіріледі», – дейді.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Әлібек Әлиев, Руслан Тәуірше