Жамбыл облысында 9 мың адам жеке кәсібін ашты

  • 8
  • 17.12.2025, 18:43

Жамбыл облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы басталғалы 9 мың адам жеңілдетілген несие алып, кәсібін бастады. Бұл бағытта бюджеттен 48 миллиард теңге бөлінді. Ауылдықтардың басым көпшілігі мал шаруашылығын дамытуға кәсіп ашса, кейбірі жиһаз-тігін цехтарын қолға алған. Жылыжай, машина жөндеу орталықтары мен өнеркәсіптік цех ашқан тұрғындар да бар. 

Эльвира Атханова макарон өндірісін былтыр бастаған. Абай ауылының тұрғыны 3 ай Италия мемлекетінде болып, өнімнің технологиясын терең меңгерген. Цехқа қажетті құрылғы мен жабдықтарды да сол жақтан алдырыпты. Кәсібін бастау үшін «Ауыл аманаты» жобасы аясында 17 миллион теңге жеңілдетілген несие алған. Қазір 4 түрлі өнім өндіріп отыр. 

Эльвира Атханова, жеке кәсіпкер: 

-Біздің макаронымыздың ерекшелігі - біз жүгері ұнын қосып жасаймыз. Жүгері ұнының адам ағзасына өте пайдасы көп. Жеңіл, тез сіңімді құнарлы болады. Глютені аз болады. Сол себепті де Қазақстанда ең бірінші болып жасап жатқан ол бізбіз. Ауылдың экономикасын дамуына өзіміздің үлесімізді қоссақ дейміз. Өнімнің түрін көбейтіп үлкен нарыққа шыққымыз келеді.


Бастапқыда күндігіне 100 келі макарон шығарса, қазір өнім 700 келіге жеткен. Тауарын облыстағы ірі сауда орталықтары мен қатар Астана, Қарағанды, Алматы қалаларына өткізеді. Қазір 6 ауылдасын жұмыспен қамтып отыр. 

Айжан Қуатбекова, технолог: 

-Жұмысқа келген кезде әтір себінбеу керек.
Шашты жинау керек, қылтық түспеу керек. Ғимарат таза болу керек. Ешқандай ауа кірмеу керек. Біздің ауылда осы ашылғанына мен өте қуаныштымын. Осындай кәсіпкерлер көбейе берсе екен деймін. Өзімнің жұмысымды өте жақсы көремін.

Облыста «Ауыл аманаты» бағдарламасы 2019 жылы пилоттық жоба ретінде басталған. Содан бері 153 ауылдық округтің 9 мың тұрғыны жеке кәсіп ашты. Нәтижесінде елді мекендер экономикасы жақсарып, кейбір әлеуметтік мәселелер шешемін тапты. 

Төлебек Құлекеев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

-Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 47 пайызға төмендеді. Осы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ашылған кәсіпкерлер тарапынан 2019 жылы 400 млн теңгеден 2025 жылға 1,6 млрд теңгеге дейін салықтық түсім ұлғайды.


Ауыл аманаты жобасы келер жылы да жалғасады. Ол үшін бюджеттен 5 млрд теңге бөлінбек. Бұл жолы ауыл шаруашылық коперативтерін қолдауға баса мән беріледі. Ал олар; табыс көзі жоқ, мүгедектігі бар, әлеуметтік осал топтағы тұрғындарды жұмыспен қамтуға міндеттелмек. 

Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә