Қарағанды облысында кремний қорытпасын өндіретін зауыт іске қосылды

  • 8
  • 17.12.2025, 18:44

Қарағанды облысы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында кремний қорытпасын өндіретін зауыт іске қосылды. Бұл өңірде кремний кластерін құрудың алғашқы кезеңі. Жаңа «Qaragandy Power Silicon» зауыты елдегі өнеркәсіптің дамуы үшін маңызды қадам. Кәсіпорын заманауи технологиямен жұмыс істейді. 

Жоба Президент тапсырмасы бойынша жүзеге асырылды. Мемлекет басшысы үш жыл ішінде айрықша қажет материалдар шығаратын кемінде үш кәсіпорынды іске қосуды міндеттеген болатын. Кремний өндірісі-осындай ауқымды жобалардың бірі. Кәсіпорында шикізаттан кремний қорытпалары алынады. 

Талғат Макаев, «Qaragandy Power Silicon» ЖШС Бас директоры

-
Мұндай ауқымды жобалардың қолға алынуы елімізде жүргізіліп отырған экономикалық саясаттың нәтижесі екенін атап өткіміз келеді. Президент жүргізіп отырған саясат инвесторларды қолдауға, олардың құқықтарын қорғауға, ұзақ мерзімді инвестициялар үшін ашық әрі болжамды жағдай қалыптастыруға бағытталған.

«Qaragandy Power Silicon» зауытын мемлекет қолдауымен голландиялық компания салды. Кәсіпорын жылына 92 мың тонна кремний қорытпасын өндіре алады. Жобаға 140 миллион доллардан астам инвестиция құйылған. Ол Қазақстанның Даму Банкі мен Өнеркәсіпті дамыту қорының бірлескен қаржыландыруы арқылы жүзеге асырылды.Бүгінде толық штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Мұнда қазір 500 адам еңбек етеді. 

Әділет Мағаз, «Qaragandy Power Silicon» ЖШС ауысым шебері:

-
Осындай заманауи жаңа зауыт іске қосылды дегенді естіп  осы жерге жұмысқа келдім. Индустриялдық даму мақсатында осы еліміздің экономикасын арттыруға, өңірдің экономикасын дамытуға үлесімді қосып жатырмын деп есептеймін. 

Зауытта шикізатты өндіруден бастап кремнийді терең өңдеуге дейінгі толық жұмыс ауқымы қамтылған. Келешекте кәсіпорында автомобиль мен өзге де техникаға, күн батареялары мен микроэлектроникаға арналған кремний өндіріледі. Кәсіпорын жұмысы үшін электр энергиясы көп қажет. Сондықтан компания басшылығы жеке жылу электр орталығын салуды жоспарлап отыр. Ал болашақта Астанада күн панельдерін шығаратын зауыт ашпақ. Жоба мемлекет пен «Бәйтерек» холдингінің қолдауымен іске асырылып жатыр.

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит