Агроөнеркәсіптің жетістіктері қандай?

  • 16
  • 18.12.2025, 18:55

Атап айтсақ, 11 айда 914 мың тонна ет өндіріліпті. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға артық. Сүт өндірісі де біршама өсім көрсеткен. Шаруалар агроөнеркәсіп кешендерін жаңғыртуға көше бастаған. Қазірдің өзінде 200 ірі кәсіпорын өндіріске жаңа технологияларды енгізіпті. 

Қазір ет, әсіресе сиыр еті – басты тақырыптың бірі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше биыл ірі қараның басы 8 миллионнан асыпты. Шамамен 2 пайызға артқан. Жылқы шаруашылығында да айтарлықтай өсім байқалған. Бүгінгі таңда фермаларда 3,5 миллионға жуық Қамбар ата тұқымы бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға көп. Мал басы көбейген сайын өнім көлемі де артып келеді. Мақсат – толық өндірістік кезеңге көшу.

Бағлан Аймұрзаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің департамент директоры:

- Мал шаруашылығы бойынша арнайы жоспарды біз дайындап жатырмыз. Енді біз терең өңдеуге де өтуіміз керек. Біз Австралия тәжірибесі бойынша ет кластерін дамыту бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Сүт бағытында да айтып өтейін. 23-ші жылдан бастап 63 заманауи сүт тауарлы ферма салынды. Қосымша фермалар тағы да салынып жатыр. Жалпы жүзден астам ферма 600 мың тонна сүт бере отырып импортқа тәуелділіктен құтыламыз деген жоспарды құрып отырмыз.

Өсімдік шаруашылығында да елеулі жетістіктер бар. Диқандарымыз 27 миллион тоннадан астам дәнді дақыл, оның ішінде 23 миллион тонна бидай жинады. Алғаш рет 4,7 млн ​​тонна майлы дақыл алынды. Екінші нан, картоп 2,9 млн тоннаны құрапты.

Назгүл Хатепова, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің департамент директоры:

- Одан бөлек, 1 млн тоннадан артық бұршақ дақылдарын жинаған болатынбыз. Басқа да дақылдар бойынша жоғарғы көрсеткіштерді атап өтуге болады. Алғаш рет 18 жылдың ішінде 428 мың тонна мақта дақылы жиналған болатын. 

Ауыл шаруашылығын әртараптандыру, өнім көлемін арттыру үшін 200 ірі кәсіпорын өндіріске жаңа технологияларды енгізіпті. Сондай-ақ биыл шаруалар 25 мың жаңа техника сатып алған.

Айта кету керек, ауыл шаруашылығын субсидия және өзге де тәсілдер арқылы қолдау үшін мемлекеттен биыл 1 трлн теңге бөлінген. Саладағы орташа өсімі - 5 пайыздан жоғары. Демек 8,1 трлн теңгенің өнімі жиналған. 

Ердәулет Ыбырайұлы, Тайыр Мерекенов