Мереке және демалыс күндері туристер саны тәулігіне 15 мың адамға дейін жетеді. Бұл Алматы тау кластерін дамыту қажеттігін көрсетіп отыр. Қала әкімі Дархан Сатыбалды Алматының экономикалық даму қорытындыларына арналған брифингте тау кластерін дамытуға қатысты жобаларды таныстырды.
«Туризмді дамытудағы негізгі қиындық – инфрақұрылымның жеткіліксіздігі», - деп атап өтті қала әкімі Дархан Сатыбалды. Қазір «Шымбұлақ» пен «Ой-Қарағай» курорттарын аспалы жол арқылы біріктіретін Алматы тау кластерін дамыту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба шетелдік туристер санын 1 миллион адамға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Дархан Сатыбалды, Алматы қаласының әкімі:
- Біздің мақсатымыз – cол себепті туристік ретсіздікті реттеу.Енді соның бәрін ұйымдастырған түрде және экологиялық стандартқа сәйкес тау кластерін жасау жоспарлануда. Қазір техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп отыр. Ол экологиялық экспертиза өтеді. Қоғамдық тыңдаудан да өтеді. Сосын ары қарай біз оны іс барысына алатын боламыз.
Алматыда тұрып, Еуропаның тау кластерін қызықтап, қаражатты шетелдің демалыс орындарына жұмсайтындар көп. «Егер инфрақұрылымды дамытсақ, туризмнен қыруар қаржы түседі», - деді қала әкімі.
- Тау кластері біздің есібіміз бойынша 10 мыңнан астам бізде жұмыс орны ашылады. Жаңа отельдер құрылысы болады. Қазірдің өзінде соған сәйкес қаланың ішінде 25 отель соғамыз деп сондай өтініштерін білдіріп отыр және 100 миллиардтаған салық осы қаламызға түсетін болады.
Қалада қонақүйлер мен туристік нысандарды салу бойынша 11 жоба жүзеге асырылып жатыр. Айта кетейік, биыл Алматыға 560 мыңнан аса шетелдік турист саяхаттап келген. Бұл Қазақстанға ат басын бұрған меймандардың тең жартысы.
Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев