Бүгінде 159 станса жұмыс істеп тұр. Көп күттірмей, ең ірі жел электр стансасының құрылысы басталады. Ал 2040 жылға дейін мұнай өңдеу көлемі 40 млн тоннаға жуықтайды. Энергетика саласында атқарылған және алдағы уақытқа межеленген тағы қандай жоспарлар бар?
Берік Дүйсенбай, тілші:
- Отандық энергетика – мұнай, оның ішінде жанар-жағармай нарығы, мұнай-газ химиясы, электр энергетикасы, оның өзі жаңартылатын энергия көздері және газ салаларын қамтитын үлкен экожүйе. «Орасан зор жетістіктерге жеттік», - деп бөрікті аспанға ататын заман емес. Бірақ саланы дамыту үшін нақты қадамдар қажет екені бесенеден белгілі. Не істеліп жатыр?
Мұнай-газ саласындағы негізгі оқиға – «Теңіз» кен орнындағы «Болашақ» кеңейту жобасы толық аяқталды. Үшінші буын зауыты іске қосылып, жыл сайын мұнай өндіру көлемін 12 млн тоннаға арттыру мүмкіндігі қол бұлғап тұр. Ішкі нарықта жанар-жағармай тапшылығы бар. Келешекте жетпеген бензинді сатып алушыдан, артық бензинді сатушыға айналуымыз тиіс. Себебі қазіргі күні жылына 18 млн тонна мұнай өңделсе, қолданыстағы 3 зауыттың қуаттылығын еселеп арттыру және 4-ші зауытты салу есебінен 2040 жылға қарай жылына 39 млн тонна мұнай өңделетін болады. Электр энергетикасы өз алдына ауқымды бір сала. Елде 237 электр стансасы бар. Жылу электр орталықтарының көбісі ескірген. Жаңартпақ керек.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
- 2,5 жылдың ішінде 650 млрдтан астам тг біздің саламызға құйылды. Сол энергетиканың бүкіл системасының тұрақтылыған оң әсер етті.
3 жылда энергетика инфрақұрылымын жаңартуға 900 млрд тг инвестиция тартылып, алдағы 5 жылда нәтижесін беруі тиіс. Бұл туралы энергетиктермен кездесуде кеше Президенттің өзі мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Үкімет «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жөніндегі ұлттық жобаны іске асыра бастады. Оның аясында 2030 жылға дейін кемінде 200 нысанға реконструкция жасалады, 86 мың шақырым желі жаңарады.
Электр энергиясына сұраныс жыл санап өсіп келеді. Алдағы 10 жылда болуы мүмкін тапшылыққа қазірден жауап қажет.
- Қазіргі таңда біз 2035 жылға дейін жоспарларды дайындадық. Жаңа қуаттылығы 26 ГВт астам энергокөздерді іске асырамыз.
Жаңартылатын энергия көздерінің үлесі артып, қазір 7 пайздан асқан. Бұл басы ғана. Екі апта бұрын еліміздегі ең ірі жел электр станасының құрылысын бастау туралы франциялық компаниямен келісім жасалды. Тағы бір ресурстық әлеует – елдегі көмір қоры 33 млрд тоннадан асады. Салаға соңғы 5 жылда 2,5 млрд доллар инвестиция салынып, таза көмір технологиясына көшуге күш салынуда.
Берік Дүйсенбай, Азамат Сәметов