Соңғы екі жыл ішінде су шаруашылығы саласына тартылған инвестиция көлемі 579 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкімет жұмысының жылдық қорытындыларына арналған баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Оның сөзінше, ведомство шетелдік серіктестермен 7 келісімге және 30-дан астам өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Мәселен, Қытай инвесторлары Жамбыл облысында смарт-технологиялар шығаратын зауыт салады. Жоба аясында су шаруашылығын цифрландыру жоспарланған. Ал ірі қаржы құрылымы Есілде суды реттеп отыратын нысан құрылысына қаражат бөледі. Ол 873 млн текше метрге дейін тасқын су жинауға мүмкіндік береді. Бұл Солтүстік Қазақстан облысындағы елді мекендерді су басу қаупінен сақтайды.