Қызылорда облысында келесі жылдан бастап күріш алқабының көлемін азайтып, суды көп қажет етпейтін дақыл түрлерін егу жоспарланып отыр. Яғни егіс алқаптарын әртараптандыруға басымдық беріледі. Себебі өңірде суармалы су тапшылығы бар.
Енді өңірде күріштің орнына майлы дақылдар егіледі. Одан бөлек отандық ғалымдар арпа, бидай, қант құмайы, түйежоңышқа мен қант қызылшасының бірнеше сортын егуді ұсынып отыр. «Бұл дақыл түрлері топырақтың құнарын арттырады, әрі өнім сапасы жоғары болады»,-дейді мамандар.Камаладин Шермағамбетов, Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ жетекші ғылыми қызметкері:- Оның перспективалық сорттары қазір сынақтан өтіп жатыр. Он сортты біз қазір Қызылорда облысында егіп, институттың стационарында, содан жоғары өнімдерге қол жеткіздік. Оның қанттылығы 19-21 пайызға дейін жоғары болып жатыр. Жалпы қант қызылшасы егілетін аймақтарға қарағанда біздің Қызылорда облысындағы қант қызылшасының құрамындағы қанттылығы өте жоғары.
Сондай-ақ мамандар өңірде жүгері өсіруді қайта жандандыру қажет екенін айтады. Бұл бағытта нақты жобалар әзірленген. Соның бірі – жүгеріні терең өңдеу арқылы крахмал, сірне, глютен және мал азығына арналған өнімдер өндіретін зауыт салу. Бұдан бөлек, 20 мың гектар алқапқа майлы дақылдар мен жүгері егу жобасын жүзеге асыруға дайын инвестор табылды. Талғат Дүйсебаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:-Жалпы осы екі ірі жоба бізде арнайы қабылдайтын жерлер ашылып, соның арқасында біз жүгерінің көлемін көбейтетін боламыз. 2026 жылдың өзінде біз сол жүгерінің көлемін 10 мың гектарға жеткіземіз деген жоспар қойып отырмыз.
Жаһандық климоттың өзгеруі суармалы суды тиімді пайдаланып, шығынды барыншы азайтуды талап етеді. Мамандардың пікірінше, агросаланың дамуын қамтамасыз ету үшін су үнемдеу технологиялары мен ылғал үнемдейтін дақылдарды енгізу маңызды.Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Нұржан Мұзарапшин