Ұлытау облысындағы Кеңгір ауылына сапалы ауызсу мен көгілдір отын жетті

  • 6
  • 19.12.2025, 18:46

Ұлытау облысындағы Кеңгір ауылына сапалы ауызсу мен көгілдір отын жетті. 10 жылдан бері тіршілік нәрін ашық су қоймасынан ішіп келген тұрғындардың мәселесі осыған дейін біздің арнамыз арқылы сан мәрте көтерілген еді. Енді елді мекендегі  2,5 мың адам жерасты суын тұтынады. Ол үшін су желісі толық жаңартылып, Есқұла су құбырына қосылды. Ауыл тұрғындары сондай-ақ көмір жағып, күл шығару бейнетінен құтылды. Ауылға газ құбыры тартылды. Жалпы өңірді газдандыру жобасы 2021 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осыған дейін Жезқазғандағы бірнеше шағын аудан мен Талап, Қабанбай ауылдары газға қосылды. Ал ауылдық елді мекендерді ауызсумен қамту көрсеткіші 99 пайыздан асқан.

Кәдікен Мағзұмов, Кеңгір ауылының тұрғыны:

-Есқұла су құбыры арқылы Жезқазған қаласына трасса өтті. Осы тақауда Есқұла су құбыры іске қосылып осыдан таза су ішіп жатырмыз. Біз өзіміз пайдаланып отырмыз. Бұл су адамның ағзасына пайдалы деп ойлаймын. Оның құрамында минералдардың бәрі бар.

Рымтай Тұңғатова, Кеңгір ауылының тұрғыны:

-Осы уақытқа дейін біз пеш жағатынбыз, көмір жағатынбыз, күл шығаратынбыз. Міне бүгін біздің ауылға көгілдір отын кеп қосылып жатыр, қуанып жатырмыз. Онымен қоса таза су келіп жатыр Есқұладан. Бұл деген үлкен қуаныш.