Күзде Ұлттық ұланның қатарына алынған жас сарбаздар ант беруге дайындалып жатыр. 5571 әскери бөліміне әр өңірден келген жігіттер қазір Алматы облысында алғашқы жауынгерлік дайындықтан өтуде. Әскери тәртіптің алғышарттарымен танысып, саптық жүрісті шыңдап жүр.
Биыл күзде Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөліміне 600-ден аса сарбаз шақырылған. 14 облыстан жиналған жігіттер бір апталық алғашқы жауынгерлік дайындықтан өтуде. Олар саптық жүрісті пысықтап, әскери тәртіпке төселіп жатыр. Ақтөбе облысынан келген Ислам Жанғазы да «әскери бөлімнің тірлішігіне төселіп қалдым» дейді.
Ислам Жанғазы, қатардағы жауынгер:
-Біз секілді сарбаздарға үлкен мүмкіндіктер берілген. Мысалы, осы бір жыл ішінде өзіңді жақсы жағынан, жақсы қырынан көрсете білсең ЖОО түсуге деген үлкен мүмкіндіктер бар, сертификат беріледі. Әскерді аяқтағаннан кейін сол ЖОО еркін түрде түсуге мүмкіндіктер бар.
Саптық жүрістен кейін теориялық және тәжірибелік сабақтар болады. Сарбаздар қару-жарақ түрлерімен танысады. Алғашқы жауынгерлік дайындық 120 сағатқа созылады. Әрмен қарай негізгі әскери қызмет басталады.
Нұрлан Сүгірәлиев, ҚР Ұлттық ұланы Б. Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімі командирінің орынбасары:
-Тапсырмаларды орындаудың ең маңыздысы ол Алматы қаласында Ішкі істер министрлігінің полиция департаментінің қызметкерлерімен қаламыздың қауіпсіздігін қорғайды. Күнделікті біздің әскери бөлімнен мыңнан аса сарбаздар, офицерлер, сержанттар өздерінің жауынгерлік міндеттерін атқарады.
Күзде әскерге алынған жігіттердің арасында 4 жұп егіз бар екен. Барлығы да Отан алдындағы борышын 5571 әскери бөлімінде өтейді. Былтыр бөлімге даңқты батыр Бауыржан Момышұлының аты берілді. Жас жауынгерлер 17 қаңтар күні ант береді. Сарбаздар өнерден де қара жаяу емес.
Аршын Кемелжан, Радик Жакупов