Отандық тарихтың Қазақ хандығына арналған IV томы бекітілді

  • 6
  • 19.12.2025, 18:52

Алматыда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық академиялық басылымды әзірлеуге қатысты редакция алқасының кезекті отырысы өтті. Басқосуда редакциялық алқа мүшелерінің ескертулері мен ұсыныстары негізінде қайта пысықталған, Қазақ хандығы кезеңіне арналған төртінші томның қолжазбасы бекітіліп, баспаға дайындау туралы шешім қабылданды. Мемлекеттік кеңесші аталған еңбектің отандық тарих ғылымындағы маңызы зор екеніне назар аударды. Төртінші томға барлығы 187 сирек құжат енгізілді, олардың 180-і шетелдің архив қорларынан алынған. Сондай-ақ редакция алқасы академиялық басылымының бесінші томын талқылады. Бесінші томның тұжырымдамасын тарих ғылымдарының докторы, академик Зиябек Қабылдинов таныстырды. Сонымен қатар тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Әбдіровтің, тарих ғылымдарының докторы, академик Хангелді Әбжановтің рецензиялары тыңдалды. Жиын соңында редакция алқасы академиялық басылымның бесінші томын жетілдіру жұмысын одан әрі жалғастырып, келесі отырыста қайта қарау туралы шешім қабылдады.