2025 жыл Қазақстан үшін туризм саласында қарқынды даму жылы болды

  • 6
  • 19.12.2025, 18:51

2025 жыл Қазақстан үшін туризм саласында қарқынды даму, халықаралық танылу және стратегиялық инвестициялар жылы болды. Ел Үкіметі туризмді экономикадағы жаңа драйвер ретінде қарастырып, оны қолдаудың бірнеше шарасын іске асырды. Атап айтқанда, цифрландыру, инфрақұрылымдық жобалар, халықаралық серіктестіктер және жаңа әуе бағыттары.

Бүгін әдеттегі жұмыс күні.
Ауа температурасы -22 градусты көрсетіп тұр. Саршұнақ аязға қарамастан, елорданың көрікті жерлерін көремін деушілер легі аз емес.

Астананың басты нышандарының бірі Бәйтерек монументіне күніне жүздеген адам келеді. Бүгін де меймандар аз емес. Елорданы 97 метр биіктіктен көргісі келгендердің арасында әйгілі Кэмбридж университетінің студенттері де бар.

Оскар Колин, студент /Англия/:

-Астана қаласы өте әдемі. Архитектурасы да ерекше.  Қазақстан, Астана туралы көп оқып білдік. Енді міне, осындамыз. Барлығы ұнап жатыр. Бірақ ауа райы біз ойлағаннан да суық екен.

Дәл осы студенттер секілді ағымдағы жылдың 9 айында елге 12,1 млн турист келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3 процентке артық. Оның ішінде 1 күннен астам уақытқа қалғандар саны 8 млн 600 адам. Ал әр турист біздің елде шамамен 1 мың доллар жұмсайды. Айта кету керек, қазіргі уақытта 87 елдің азаматтары елге визасыз кіре алады. 

Сағи Айтқали, зейнеткер:

-Мен Алматыда болдым. Астанаға келдім бірінші рет. Алматыда бірнеше рет болдым. Басқа қалаларда болып жүрмін ғой, Атырау, Ақтөбеде. Бірақ мынау тамаша қала екен. Өте жақсы.

Ел арасында саяхаттайтындар саны да артқан. 6 млн 700 мың қазақстандық отандық туризмді таңдапты.  Ал орналастыру нысандарының саны 4,5 мыңға жуықтайды. Бұл салаға кәсіпкерлер де қызығушылық танытып отыр.  Олардың тарапынан осы жылдың өзінде 923 млрд. теңге инвестиция салынған. Отандық туризмді дамытуға бел буған кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау да аз емес.  Сонымен қатар биыл Президент үш аймақты дамыту бойынша тапсырмасы  берген еді.

Нұртас Кәріпбаев , ҚР Туризм және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің төрағасы:

-Маңғыстау облысының кешенді  дамыту жоспары қабылданған болатын. Сонымен қатар Щучинск-Бурабай курорттық аймағының кешенді жоспары қабылданған болатын. Бұл нақты осы 4 жылға бағытталған жұмыстар. Бұл жерде ең бастысы инвестициялық, инфроқұрылымдық жұмыстар жасалатын болады. Үшіншісі қазіргі кезде Алматы тау кластері жобасы қарастырылып жатыр.

Биыл бірнеше бағытқа туристік поездар мен жаңа әуе байланыстары ашылды. Іскерлік туризм де қарқын алып келеді. Қазақ топырағында өткен айтулы спорттық және мәдени іс-шаралардың арқасында талай шетел азаматы елімізде қонақ болды. Инфрақұрылымдық жобалар да жүзеге асып жатыр. Алайда салада мәселе аз емес. Олардың бірқатарын реттейтін заң қазір Парламенттің қарауында.  

Алуа Маханбет, Самат Сүлейменов