Көлік инфрақұрылымы қарқынды дамып жатыр

  • 8
  • 22.12.2025, 18:32

Теміржол арқылы тасымалданған жүк көлемі 260 млн тоннаға жетіп, 4,2 пайызға өсті. Теміржол желісін жаңғырту көрсеткіші 1500 шақырым, ал жөнделген автожол 13 мың шақырымнан асты. 

«Жақсы жол, ұзақ та болса — жақын», - дейді дана халқымыз. Биыл ел жолдары аймақтарды бір-біріне жақын етті. Жөнделген және салынған автожолдар ұзындығы 13 мың шақырымнан асты. Оның 8,8 мыңы республикалық, 4,2 мыңы жергілікті жолдар.

Мейірхан Бекесов, ҚР КМ Автомобиль жолдары комитеті басқармасының бас сарапшысы:

- Биылғы жылы 415 шақырым болатын «Қалбатау – Майқапшағай», 42 шақырым болатын «Ұзынағаш – Отар» және 216 шақырым болатын «Қызылорда – Жезқазғанның» Қызылорда бөлігіндегі жолдар толықтай іске қосылды. Халықтың пайдалануына берілді. .

Келер жылы тағы 11 мың шақырымнан астам жолды жөндеу көзделген. Ірі жобалар қатарында бірнеше қаладағы айналма жолдар мен өңіраралық жаңа бағыттар бар.

Мейірхан Бекесов, ҚР КМ Автомобиль жолдары комитеті басқармасының бас сарапшысы:

- Сарыағаш қаласының айналма жолы, Риддер қаласының айналма жолы, «Қарағанды – Жезқазған» тасжолы, Қызылорда қаласының айналма жолы  және «Орталық – Батыс»  жобасы Астанадан тікелей батысқа шығатын тасжол салу жоспарланған.

Теміржол саласы да қарқынды дамып келеді. Қазір магистральдық теміржол желісінің ұзындығы – 16 мың шақырым. Соның 70 пайызы 2029 жылға дейін кезең-кезеңмен жаңартылатын болады. Локомотив пен вагон паркі де толығуда.

Ерсұлтан Ержанов, ҚР КМ Теміржол және су көлігі комитетінің бас сарапшысы:

- Біздің еліміздегі локомотив паркі 1907 бірлікті құрайды. Алдыңғы жылы біз 117 локомотивті алдық. Осы жылы біз 169 бірлік локомотив алып жатырмыз. Оның 135 бізге берілді. Келесі жылы біз 236 бірлік локомотив жоспарлап жатырмыз.

Әуе көлігінде де өсім бар. Биыл әуе паркі 12 жаңа ұшақпен толықты. Қазір еліміздің 5 компаниясы 109 ұшақпен әлемнің 30 еліне қатынайды. Келер жылы бұл көрсеткіш еселенеді.

Дана Әлиева, Дархан Кунтуов