Ел экономикасында шағын және орта бизнестің үлесі артып келеді. Тек биылғы екінші тоқсанның қорытындысы бойынша бұл саланың өндірген өнім көлемі 29 пайызға өскен. Халық тұтынатын тауарлардың түрі де ұлғая түскен. Кәсібін кеңейткісі келген іскерлерге қолдау шаралары да артпақ.
Жаннұр Момыш екі жыл бұрын кондитерлік цех ашқан. Табиғи өнімдерден тәтті тағамдар жасайды. Ісінің өрге басуын мемлекеттік қолдау шараларымен байланыстырады. Тек былтырдың өзінде 5 миллион теңге қайтарымсыз грант иемденіп, қаржыны кәсіпке бағыттаған. Қазір кондитерлік және жартылай дайын өнім шығаратын екі цехтың ісін жүргізіп отыр. Мұнда 14 адам еңбек етеді. Жаннұр Момыш, кәсіпкер:-Мақсат пен арманның ұштасқан арқасында осындай қазір жетістіктерге жетіп отырмыз. Алдағы уақытта жоспарлар үлкен, көп. Кондитерлік кулинария ашу жоспарда бар осы жылы. Келесі жылы тағы 2 сауда нүктесін ашуды жоспарлап отырмыз. Шағын және орта бизнес ел экономикасындағы елеулі үлесін сақтап қана қоймай, жыл өткен сайын артып келеді. Статистикалық деректерге сүйенсек, кәсіпкерлік саласы биыл да өсімді көрсетіп отыр. Екінші тоқсанның қорытындысы бойынша өндірген өнім көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29 пайызға артқан. Бүгінде бұл салада 4,4 млн адам еңбек етеді. Азат Қанатбеков, ҚР ҰЭМ Кәсіпкерлікті дамыту саясаты департаментінің бас сарапшысы:-2025 жылдың 1-ші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Шағын және орта кәсіпкерліктің ЖІӨ үлесі 39,8% жетіп өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 пайыздық тармаққа өсті. Осылайша, жалпы біздің кәсіпкерлік секторы экономикалық өсудің негізгі қозғаушы күштерінің бірі болып қала береді. Сонымен қатар орта бизнестің рөлінің артып отырғаны байқалады.
Елде бизнес-климатты жақсарту бағытындағы жұмыс жалғаса бермек. Бұдан бөлек, кәсіпкерлікке түсетін әкімшілік кедергілерді азайтылып, іс жүргізуді оңтайландыру жүреді. Әнуарбек Мырзатайұлы, Аманжол Байғазин