Бұл туралы қаржы министрі Мәди Такиев Үкімет отырысында мәлімдеді. Шараның мақсаты – жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес субъектілеріне бухгалтерлік және салықтық есепті дайындау және тапсыру бойынша жол көрсету. Сондай-ақ келер жылы арнайы «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылатын болды.. Ол ауылдағы кәсіперлерді қолдауға арналған.
Бизнес үшін есептілікті азайту. Үкімет осыған ерекше басымдық беруде. Бұған дейін оларға қойылатын талаптар қысқартылды. Сондай-ақ салық есебін тапсыру нысандарының саны 60% азайған болатын. Бүгінгі жиында салықтар мен алымдардың саны енді 20% қысқаратындығы айтылды. Бұдан басқа да өзгерістер бар. Ендігі міндет соны кәсіп иелеріне түсіндіру. Сол үшін бірінші жартыжылдықта «Халық бухгалтері» акциясы басталады. Мәди Такиев, ҚР Қаржы министрі:-Шараны өткізу үшін ресми ресурстар арқылы онлайн-консультациялар, оның ішінде жеке Telegram арнасы құрылады. Офлайн және онлайн вебинарлар, тақырыптық консультациялық сессиялар ұйымдастырылады. Оны кәсіби бухгалтерлер мен аудиторлар, кәсіби бухгалтерлік бірлестіктердің өкілдері жүргізеді. Акцияға қатысу кәсіпкерлер үшін толықтай тегін. Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:- Үкімет бизнес-қауымдастықпен өзара тығыз іс-қимыл жасай отырып, жаңа салық саясатын қалыптастыруда. Негізгі маңызды өзгеріс – сервистік модельге көшу. Кәсіпкерді тіркелген сәтінен бастап, қызметінің барлық кезеңінде фискалдық қолдау жүйесі енгізілуде. Салық органдарының алдында тұрған міндет – қателіктер үшін жазалау емес, керісінше қателеспеуге көмектесу. Қазір елімізде 2 млн-нан астам шағын бизнес тіркелген. 4 млн-нан астам азамат содан нәпақа тауып отыр. Олардың алаңсыз кәсіп жасау үшін енді жоспарлы салық тексерулері болмайды. Ал ауылдағы бизнесті қолдау үшін «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылады. Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ұлттық экономика министрі:-Бағдарлама бойынша өңірлерде шағын бизнесті қолдауға жыл сайын 400 млрд теңге бөлінеді. Ол ауылшаруашылық шикізатын қайта өңдеу, шағын наубайхана, жиһаз және құрылыс материалдарын өндіру сияқты жобаларға бағытталады. Өйткені олар технологиялық жағынан қарапайым, жылдам жүзеге асырылатындықтан тез нәтиже береді. Серік Жұманғарин баспасөз жиынында ет бағасына қатысты да түсініктеме берді. Оның сөзінше сиыр етінің экспорты 2025 жылдың соңына дейін шектеледі. Бұл аз мерзім дегенмен осы әкімшілік шараның арқасында ішкі нарықта тұрақтылық қалыптасады деп күтілуде. Ал 2026 жылы мал шаруашылығын дамытуға басымдық беріледі екен. Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбеков