Қазақ елі Халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовты соңғы сапарға шығарып салды. Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында өткен қоштасу рәсіміне мыңдаған адам жиналды. Қаралы жиында Мемлекет басшысының көңіл айту хатын Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин оқыды. «Асанәлі Әшімов бүкіл саналы ғұмырын театр және кино саласына арнап, төл мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты. Өрелі өнердің туын биік ұстап, өнегелі ғұмыр кешкен Асанәлі Әшімовтың жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде сақталады»,– делінген Президент жеделхатында.
Асанәлі Әшімов кино өнерінің аңызы, театрдың тарланы еді. Қоштасу рәсіміне мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәдениет саласының өкілдері қатысты. Қаралы қауым, ұлтқа ұйытқы болған абыз ақсақалдың өмірі мен өнері жайлы естеліктер айтып, қазақ халқына, марқұмның туыстарына көңіл айтты.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
-Өзі асқақ, асқар еді. Өзі де ірі, сөзі де ірі, ісі де ірі болатын. Осындай нар тұлғалардан үлгі алып біз де ірі болайық. Алып тұлғалардың лайықты жалғасы болайық. Бір болайық, биік болайық. Асанәлі ағамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Ағамыздың өмірдегі, өнердегі жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады.
Алматыда күн ерекше суық. Желтоқсанның аязы буып тұр. Соған қарамастан Асанәлі Әшімовпен бақұлдасып, соңғы сапарға шығарып салуға келгендерде есеп жоқ. Бұл да өнер алыбына деген құрмет болса керек. Себебі ол театр сахнасында жарқырап, киноның жарық жұлдызына айналды. Режиссерлік қыры бір бөлек. Ұстаздық етті, шәкірт тәрбиеледі. Қоғамдық өмірден тыс қалмады. Кітап жазды, күнделік жүргізді. Бұл ұлт мәдениетінің мол олжасы.
Меруерт Өтекешова, Қазақстанның халық әртісі:-Өкінішті-ақ, әлі де алда театрдың 100 жылдығы, біз армандадық, сол ағамыз алда болып, біз артында болып, театрдың 100 жылдығын қарсы алсақ деп. Алланың жазғаны солай болды. Қалай болғанда да Асанәлі аға үлкен із қалдырды.
Ас-аға соңғы сұқбаттарының бірінде «Өмірге өкпем жоқ» деген еді. Өнердегі жолы жарқын болса да, талай сынды тосқан тағдырына өкпесін айтқан емес. О дүниелік болған өнердегі ұстаздарын Шәкен Аймановты, Сұлтан Қожықовты, Кәукен Кенжетаевты жиі еске алатын. Енді өзі де сол келместің кемесіне бет бұрды. Қазақ елі саналы өмірі сахнада өткен аяулы ұлына соңғы рет қол соғып, құрмет көрсетіп мәңгілік сапарға шығарып салды.