Елордада «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында өткен «Ерлік пен еңбек дастаны» шығармашылық байқауының қорытындысы жарияланды. Аталмыш сайыс еңбек адамын дәріптеп, жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөлін көркем тілмен ашуды мақсат еткен. Додаға елдің түкпір-түкпірінен 45 өтінім келіп түскен. Қазылар алқасының шешімімен поэзия, проза және эссе жанрлары бойынша үздік деп танылған 7 авторға дипломдар мен қаржылай сыйақылар табысталды. Кімдер жеңімпаз атанды?
Жабық бәйгенің қорытындысы бойынша бас жүлде ақын Ғалым Жайлыбайдың «Маңдай тер» поэмасына бұйырды. Туындыда Жезқазған мыс қорыту зауытында еңбек еткен балқытушы Жұмабай Тілеубайдың өмір жолы мен ауыр еңбегі көркем суреттелген. Автордың айтуынша, поэмада академик Қаныш Сәтбаев армандаған Жезқазғанның бүгінгі келбеті, қарапайым еңбек адамдарының маңдай тері мен табанды тіршілігі кеңінен қамтылған.
Ғалым Жайлыбай, байқау жеңімпазы:-Ол азамат 33 жылдан бері пештің аузында тұрып, 1650 градуста жұмыс істеп келе жатқан балқытушы. Сол маңдай терін ағызып, оттың ортасында жүріп, жалын кешіп еңбек етіп келе жатыр. Кейде біз сондай адамның еңбегіне дұрыс баға бермей жатамыз ба деп толғанасың. Бүгінгі күннің батырлары ақ мұз, көк аязда еңбек етіп жатқан маңдай термен ауыл тұрғындары бар, кәсіпорындары бар, өнеркәсіптер бар, диқандар бар, малшылар бар.
Қостанай өңірінен келген жүлдегерлердің бірі – Ақылбек Шаяхмет. Ол «Еңбек – адам көркі» атты пьеса жазып, туындысы өңірлік театр сахнасында қойылған. Шығармада еңбек адамының болмысы мен қоғамдағы орны көркем түрде бейнеленеді.
Ақылбек Шаяхмет, байқау жеңімпазы:
-Енді мен жалпы драма жанрымен айналысып жүргенімен 30 жыл болды. Осы заманның қаһармандары туралы әдеби шығармалар жоқтың қасы, тіпті некен саяқ. Осыған байланысты мен мынау еңбек ерлері туралы, соның ішінде кешегі совхоздар ыдырап, қысылтаяң заман болған кезде ауылдарын сақтап қалған адамдарды жазу ойымда болды.
Ал екінші орын «Күй» романына бұйырды.
Әйгерім Оспанова, байқау жеңімпазы:-Әлия деген домбырашы қыздың тағдыры туралы. Оның күй орындауы тек мәдениетке деген құрмет емес, соның ішінде әйел көшбасшылығы, әйел адамның өнердегі рөлі, сонымен қоса жұмысшы мамандыққа деген құрмет. Ел болашағына еңбек ету деген сынды құндылықтар көркем тілмен, әдебиетте пайымдалған.
Байқау қорытындысы бойынша Аслан Біржанұлының «Біздің қаланың қаһармандары» шығармасы екінші орынды иеленді. Ал үшінші орын Нұртас Тұрғанбектің «Соңғы кірпіш», Ерден Нұрахметтің «Қаланың соңғы сыпырушысы» және Ділдәр Мамырбаеваның «Етікші» туындыларына бұйырды.
Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі:-Мемлекет басшысының бастамасымен биылғы жыл Жұмысшы мамандықтар жылы деп аталып, еңбек адамының қоғамдағы рөлі айшықталды. Отанымыздың өсіп, өркендеуіне зор еңбек сіңіріп жүрген қауымға құрмет көрсетіліп келеді. Біз осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесін саралап, қорытындылауға жиналып отырмыз.
Бұл байқау кәсіби шеберлігімен қажырлы қызмет етіп, елімізді дамытуға зор үлес қосып жүрген тұлғаларды ұлықтаумен қатар, олардың еңбегін дәріптеп, қоғамға өнеге көрсететін маңызды алаңға айналады.
Диана Қадыр, Самат Оспанов