Елде телекөрермен саны артты

  • 8
  • 24.12.2025, 18:50

Қазақстанда теледидар көру көрсеткіші артты. Телеөлшем қорытындысы бойынша елдегі телевизияның аудиториясы 21 процентке өскен. Бұл өсімнің негізгі үлесі шағын қалалар мен ауылдық елді мекендерге тиесілі. Зерттеу нәтижелері Алматы қаласында өткен Ұлттық медиа қауымдастық құрылтайшыларының қорытынды жиынында айтылды.

Зерттеу нәтижелері теледидардың елдегі ең ықпалды ақпарат көздерінің бірі екенін көрсетті. Әсіресе өңірлерде көк жәшіктің орны бөлек. Шағын қалалар мен ауыл тұрғындары теледидарды күніне орта есеппен үш сағаттан аса тамашалайды. Бұл ірі қалалардағы көрсеткіштен едәуір көп. 

Кемелбек Ойшыбаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы, Ұлттық медиа қауымдастығы байқау кеңесінің төрағасы:

-Мысалға «Хабар» агенттігінің жалпы қаралымдары 600 миллионнан асып кетті, жылдың қорытындысы бойынша. Әр жобаның түрлі түрлі арналардың, әр арнаның атын айтып бөлмей-ақ қояйын, қазақстандық арналардың өндірген контенті интернет желісінде, түрлі желілерде әсіресе ютубта миллионан астам қаралымдар жинайды. Сонымен қатар гуглдың Орталық Азиядағы ресми өкілі Genesis мәліметі бойынша, гуглда ең көп қаралатын контенттің 70
% телеарналардың контенті болып саналады. 

Бұрын телеөлшемге еліміздің 21 қаласы қатысса, биыл ауылдар да қамтылды. Телеөлшемнің ауқымы кеңейгендіктен көрсеткіштер де өзгерді. Әсіресе шағын қалалар мен ауылдарда теледидар жастар арасында ерекше сұранысқа ие болып шықты. Егер аймақтарда теледидарды көбінесе 18-24 жас аралығындағы көрермендер көрсе, мегаполистерде негізгі аудитория  45 жастан асқан адамдар.

Татьяна Старцева, K Research Central Asia бас директоры:

-Біз үшін маңыздысы көрермен аудиториясының демографиялық айырмашылығын бағалай алғанымыз.
Зерттеу көрермендер әлдеқайда жас екенін көрсетті. 18-35 жас аралығындағы адамдар теледидарға әлдеқайда көп уақыт бөледі және ол аймақтарда жиі байқалды. Олар қазақ тіліндегі контентті белсендірек көреді, бұл отандық телеарналар үшін өте маңызды.

Расында өңірлерде теледидарды қазақ тілінде көретіндердің үлесі басым. Ауылдар мен шағын қалаларда көрерменнің 82 проценті қазақ тіліндегі контентті таңдайды. Ал үлкен қалаларда бұл көрсеткіш 59 процентке жетті. 

Валерий Маштаков, Media Nova бас директоры:

-Қазір телеарналар контентті қалай әрі қарай трансформациялау керегін ойлап жатыр, сонда ғана телевизия өзінің танымалдығын сақтай алады. Сондай-ақ біз қазір көрерменіміз кім, олар не көргісі келеді деген сұрақ төңірегінде ойлануымыз керек.
Телевизияның болашағы бар - бұл анық. Сондықтан біз оны дамытуға және теледидарды барынша қолжетімді жолдармен, соның ішінде сандық (digital) ортада да танымал етуге бар күшімізді саламыз.

Қазір телевизия жаңа технологиялар мен аудитория талаптарына барынша бейімделіп келеді. Көрермен телеарналарға сенімді дереккөз ретінде қарайды. Телеөлшем мәліметтері медианарық үшін де маңызды. Өтімді телеөнім жасау саланың болашағын айқындайды.

Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов