Жайық жағалауын бекіту басталды

  • 17
  • 24.12.2025, 18:49

Батыс Қазақстан облысының бес ауданына тіршілік нәрін тарататын Орал-Көшім суармалы-суландыру жүйесіне келешекте су шықпай қалу қаупі бар. Өйткені Жайық өзенінің арнасы өзгеріп барады. Қазір осы қауіптің алдын алу мақсатында бюджеттен 7,5 млрд теңге бөлініп, Орал қаласына қарасты Круглоозерный ауылы маңында дария жағалауын бекіту жұмыстары басталды.

Біз қазір Орал қаласынан 10 шақырымдай жерде, мың бұралып, ирелеңдеп аққан Жайық өзенінің сол жағалауында тұрмыз. Осы жерден батысқа қарай бет алған дария Круглозерное ауылының тұсында тұзақ тәрізді із тастап, кері қайтады, осы жермен өтеді. Осы екі аралық 20 жыл бұрын 285 метр болса, қазір небәрі 60 метр қалған.

Жыл сайын көктемгі су тасқыны кезінде асау ағыс жарды жеп, жағаны кеміреді. Егер өзеннің арнасы осы жерден қосылып, төте тартатын болса, Круглоозерный ауылы жаққа су бармайды. Сәйкесінше, Көшім өзеніне табиғи жолмен су шықпайды. Яғни, Бәйтерек, Тасқала, Жаңақала, Ақжайық, Казталов аудандарындағы өзен-көлдер құрғап, мал мен жан тіршілік нәрінен тарығады. Өйткені орташа есеппен жылына жүйеге Жайықтан 500 млн текше метр су түссе, соның 50 миллионы ғана сорғы стансасы арқылы айдалады, қалғаны табиғи арнасымен жетеді.

Рауан Құсайынов, «Қазсушар» РМК БҚО филиалының директоры:

- Жүйе Орал қаласының Круглозерное ауылының маңынан басталады. Өзеннің бұрылыстары көп, олар тасқын сулар кезінде кейбір жерлері бір-біріне қосылып кетсе өзен арнасы ағысын басқа жаққа өзгертуі мүмкін, Жайық-Көшім жүйесіне шығар жерге су бармай қалады. 

Жайық өзенінің дәл осы тұстағы байырғы арнасын сақтап қалудың маңызы міне осында. Сол себепті биыл Орал қаласына қарасты Круглоозерное ауылы маңында жағалауды бекіту жұмыстары басталды. Жағалау ені 2, ұзындығы 4 метрлік габиондармен қалануда. 

Бауыржан Аманкел, мердігер компания өкілі 

- Қазір нысанда 6 техника, 20-ға жуық адам жұмыс жасап жатыр. Жұмыстың бірінші учаскесінде 15% құрайды жұмыс істеу барысы. Материалдардың бәрі нысанда жеткілікті. Бұл жобаның ерекшелігі неге плитамен істемедік, басқа да материалдармен. Бұл габиондар өте мықты, жапондық сетка болғандықтан. Жоба бойынша экспертиза бәрінен өткен. 

 Жағалауды бекіту жұмыстары тек қараша айында басталыпты. «Оған себеп өзен деңгейінің барынша төмендеуін күттік», дейді мамандар. 

 Марат Молдашев, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

-Осы жылғы қыстың көктемгі уақытқа бітіруге жобалап отырмыз. Оған дейін ақша жергілікті бюджет тарапынан қаржылар бөлінді. Оны мердігер игеріп, қазіргі жағдайда республика тарапынан ақша бөлініп, қазір жұмыс істеп жатыр. Бір жағынан 800 метр бекітіледі жағалау, екінші жағынан 1,2 км. 

Жайық жағалауын бекіту жұмыстары екі бөлікке бөлінген. Алғашқысын көктемгі су тасқынына дейін аяқтау көзделген. Жобаның жалпы құны 7,5 млрд теңге. 

Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов