Қазақстан бюджеті әлеуметтік бағдарын сақтайды. Бюджет қаражатының жартысынан көбі және осы бағыттағы шығындар артып келеді. Биыл 41 түрлі көмекке 5,9 трлн теңге жұмсалды. 4,6 млн қазақстандық мемлекеттен төлем алды.
Бүгінгі таңда шамамен әрбір сегізінші қазақстандық зейнеткер. Олардың саны 2,5 миллионнан асты. Биыл зейнетақы 8,5 пайызға артып, орташа мөлшері 179 мың теңгеге жетті. Ал 2026 жылы төлемдер тағы өседі. Бұл үшін бюджеттен 4,9 трлн теңге бөлінбек.
Гүлмира Сүлейменова, ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және халықты реттеу және бақылау комитетінің бас сарапшысы:-2026 жылдан бастап зейнетақы төлемінің мөлшерлемесі 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет заңына сәйкес 10 пайызға арттырылатын болады. Бүгінгі таңда ол жоспарланған мөлшердегі жұмыстар атқарылып, келесі жылдың бірінші қаңтарынан бастап, зейнеткерлер өздерінің зейнетақыларын жаңа мөлшерде алатын болады.
Ал жұмыс істейтін қазақстандықтар үшін орташа жалақы 429 мың теңге болды. Бұл былтырғымен салыстырғанда 10 пайызға жоғары. Биыл екі қолға бір күрек тапқандардың да үлесі артқан. 820 мыңнан астам қазақстандық жұмысқа тұрыпты.
Нысанбай Сисен, ҚР ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаментінің бас сарапшысы:-Инфрақұрылымдық жобаларға 39 мың адам жұмысқа орналасты. Сондай-ақ жұмыс берушілердің бос орындарына 210 мың, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 177 мың, сонымен қатар Мемлекет басшысының 10 мың адамға 100 жұмыс орны бастамасы шеңберінде 394 мың адам жұмысқа орналастырылды. Жалпы оның ішінде жастардың үлесін атап өтетін болсақ, 376 мың жастар немесе 38 пайыз.
Әлеуметтік қолдау бағытында да оң өзгерістер көп. Балалы отбасылар мен мүгедектік бойынша берілетін жəрдемақы мөлшері 6,5 пайызға ұлғайтылды. Келесі жылы мүгедектік бойынша жəрдемақы тағы 10 пайызға артады. Көмектің бұл түрін 543 мыңнан астам адам алған. Бұл мақсатқа бюджеттен 832 млрд теңге жұмсалды.
Дана Әлиева, Болотбек Табалдиев