Сенаторлар бүгін де Президент тапсырмасымен әзірленген жаңа Цифрлық кодекс, Құрылыс кодексі және банктер туралы заңдарды қарастырды. Қабылданған нормалар мемлекеттік басқаруды цифрландыруға, құрылыс пен банк қызметін жетілдіруге және қызмет сапасын арттыруға бағытталады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында мемлекеттік бақылауды күшейтетін тетіктер енгізілді. Қаралған тағы бір өте маңызды құжат – банктер және банк қызметі туралы жаңа редакциядағы заң. Бұл заң банк секторының тұрақтылығын қамтамасыз етуге және азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға үлесін қосады деп сенеміз.
Дәрігерлерге шабуыл жасағандар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сенат Қылмыстық кодекске енгізілген түзетулерді мақұлдады. Енді дәрігерлерге, фельдшерлерге және жедел жәрдем жүргізушілеріне қызметтік міндетін атқару кезінде күш қолдану жеке қылмыс ретінде қарастырылады. Егер шабуыл адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмесе, айыппұл немесе екі жылға дейін қамау жазасы қолданылады. Ал ауыр жарақат келтірілген немесе қауіпті жағдайда жасалған шабуылдар үшін 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Заң Президент қол қойғаннан кейін күшіне енеді.
Руслан Рүстемов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Неліктен бұл заң қажет? Шынайы ахуалға тоқталсақ, ДСМ дерегінше, соңғы 5 жылда медиктерге 280 шабуыл жасалған. Бірақ бұл айсбергтің шыңы ғана. Өйткені көп дәрігерлер арыз жазбайды. Бір дәрігердің зардап шегуі – мыңдаған науқастың көмексіз қалуы. Мысалы, Қостанайда болған жағдайдан кейін дәрігер 4 ай жұмыс істей алмай, 960 адам білікті көмектен айырылды.