Атырау облысында өзендер тереңдетіліп жатыр

  • 9
  • 25.12.2025, 18:43

Құрылыс жұмыстары қаңтар айында аяқталуы тиіс.Сағыз ауылының ортасымен өтетін Ноғайты өзені көктемгі тасқын кезінде қауіп төндіретін. Бұрын-сонды тереңдетілмеген өзен арнасы әбден таязданған. Былтырғы тасқыннан кейін арна табанын қазып, жағасын бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Ноғайты өзенінің арнасы 20 метрден бастап, 50 метрге дейін кеңейтілуде. Ал табаны 1 метр 70 см-ден тайыз жерде 2 жарым метрге дейін тереңдетіліп жатыр. Мердігер мекеме өкілдерінің айтуынша, қазір жұмыстардың 90 проценті аяқталған.

Өзен арнасының 4,7 шақырымы тереңдетіліп, жағасы арнайы технологиямен бекітілуде. Жағаға геоторлар қойылып, кейін Мұғалжардың тауының тасымен толтырылады. Жоба құны 3 млрд теңгеден асады.

Владислав Жеребненко, мердігер мекеме өкілі:

- Ноғайты – жаз айларында құрғап қалатын өзен. Бірақ биыл Ақтөбеден су үздіксіз келді. Өзен арнасы құрғаған жоқ. Десе де мұндай қиындықтарға қарамастан, жұмысты жүргізіп жатырмыз. Сәуірде басталған құрылыс жұмыстарын алдағы қаңтар айында аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Ноғайтыдан бөлек аудан үшін маңызы зор Ойыл өзенінің де түбі тереңдетіліп, жағасы бекітіліп жатыр. Көктемгі тасқын кезінде 8 ауылға қауіп төнетін. Былтыр да арнасынан асып, кей ауылдармен жол қатынасы үзілген еді. Енді құны 10 млрд теңгені құрайтын жоба қолға алынды.

Қанат Әзмұханов, Қызылқоға ауданының әкімі:

- Ойыл арнасын тазалап алу – жалпы біздің тұрғындардың үлкен армандарының бірі. Себебі Ойыл арнасына келетін су ол тұрғындарға да, малға да өте қолайлы жағдай туғызады. Жалпы ауданымызда Ойыл өзені 176 километрде орналасқан болса, соның 80 километрін зерттеп, бекіту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Ойыл өзеніне келген суды реттеп отыратын «Ералы» су торабы да жаңартылып жатыр. Өңірде өзендердің түбін тереңдету жұмыстары қарқынды. Жылыой ауданындағы Жем өзені мен Құрсай каналының да табаны қазылып, арнасы кеңейтілуде.

Асланбек Шығыр, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин