Ақылды құрылғылар ең алдымен қауіпті учаскелер көп шоғырланған Глубокое, Алтай, Ұлан аудандарына қойылды. Жергілікті ғалымдардың бұл жобасы өткен қыста сынақтан өткізілген. Енді «Қазселден қорғау мекемесіне» қолданысқа берілді.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Шығыс Қазақстан – еліміздегі қар көшкіні ең көп тіркелетін өлке. Мұнда 500-ге жуық қауіпті учаске бар. Оның көбі тау ішімен өтетін трасса бойында. Сол себепті мамандар қар түсе сала апаттың алдын алу шараларын күшейтеді. Бұл тұрғыда тіпті сандық технология жетістігі де қолданылып жатыр.
Қазір Өскемен Алтай бағытындағы қар қалыңдығы – 50-60см. Сондықтан туристер көп жүретін бағытта жасанды жарылыс жасау жұмыстары жиіледі.
Соңғы бір айда 3 мың текше метрден аса қар түсірілді. Профилактикалық шараны өткізу үшін мамандар өмірін тәуекелге тігіп, қар шоғырланған жерге алдын ала қойылған өлшеу таяқшаларын жаяу барып тексереді. Енді жергілікті ғалымдар көмегімен бұл жұмыс жеңілдеді. Олар қар қабатына автоматты түрде онлайн мониторинг жүргізетін жүйе ойлап тапты.
Ольга Петрова, ғылыми қызметкер:
- Біз ол аппарат үшін арнайы алгоритм ойластырдық. Яғни құрылғы қардың қалыңдығын ондағы ылғал мөлшерін күн райының өзгерісі жайлы дәл ақпарат береді. Сол деректер қаладағы орталық кеңсеге жинақталып, талданады. Сәйкесінше, селден қорғау қызметі тиісті шараға кірісе алады. Бұл біздің өлкеміз үшін өте ыңғайлы.
Цифрлық технологияның тиімді болғандықтан, болашақта тек көшкін үшін ғана емес, басқа да мақсатқа қолданылмақ.
Телғат Нұрахмет, «Қазселденқорғау» ММ ШҚО филиалының бөлім басшысы:
- Иә, бұл бүгінгі күні үлкен көмек. Бұл тек қар көшкінімен шектелмейді. Егер осының барлығы дұрыс әрі тиімді жұмыс істеп, жақсы нәтижесін көрсетсе, мұндай мониторинг жүйелерін сел және жер сырғыма қаупі бар аймақтарға да орнатуға болады.
Өлкеде көшкін қатері мол учаске жүздеп саналады. Тек қана Таулы Үлбі жолында 26, ал Самар жақта 28 қауіпті ошақ бар. «Демек, үш жерге қойылған ақылды құрылғы аздық етеді», - дейді ғалымдар. Яғни алдағы уақытта онлайн мониторинг тетіктері көбейтілуі мүмкін.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов