Ұлытау облысында жедел басқару орталығы ашылды

  • 172
  • 26.12.2025, 18:36

Әмбебап кешен тәулік бойы өңірдегі 3 мың 600-ден астам бейнебақылау камерасын қадағалайды. Бақылау құралдары көшелер, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй аулаларына орнатылған. Мамандар жасанды интеллекті технологияларына негізделген мұндай камералар қауіпсіздіуті күшейтуге мүмкіндік беретінін айтады.

Жедел басқару орталығына облысқа қарасты қала-аудандардағы 3645 бейнебақылау камерасы қосылған. Оның 34-і көлік жылдамдығын өлшейді. Адамның бет-жүзі мен көліктің мемлекеттік нөмірін анықтайтын 100-ден астам камера бар. Бұл орталық бүгінге дейін сынақ режимінде жұмыс істеген. Осы аралықта тіркелген деректердің 90 пайызы бақылау камераларының көмегімен ашылған.

Зәкір Бидайбай, облыстық ПД ақпараттандыру және байланыс басқармасының бастығы:

-Жедел басқару орталығына қосылған бейнекамералары жасанды интеллект бағдарламасымен жұмыс істейді. Кез келген заң бұзушылық автоматты түрде анықталады. Тіпті қоқыс алаңдарының тазалығын да осы құрылғылар қадағалайды. Жол ережесін бақылайтын дрондарға түсірілген бейнежазбалар да осы орталыққа түсіп отырады.

Облыста 20-дан астам дабыл батырмасы орнатылған. Одан шыққан сигнал да тікелей осы орталыққа түседі. Бұл жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Сондықтан өңірдегі өзге де қала-аудандарда шағын басқару орталықтары құрылуда.  Қажетті бейнекамераларды жергілікті әкімдік орнатып береді.

Бақдәулет Ғани, облыстық цифрлық технологиялар басқармасының маманы:

-2026 жылға облысымызда 830 қосымша бейнебақылау камерасын орнату жоспарланды. Оның ішінде 30-ы аппараттық бағдарламалық кешен. Аталған шаралар облысымызда қауіпсіздіктің негізін арттыру және тұрғындарға қолайлы өмір сыйлауға бағытталған.

Өңірде қоғамдық қауіпсіздік саласын цифрландыру мақсатында арнайы бағдарлама жасалған. 2029 жылға дейін облыстағы бейнебақылау құрылғыларының санын 7 мыңға дейін жеткізу жоспарда. 

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев