Қазақстан электрондық үкіметтің даму индексінде 24-орынға көтеріліп, онлайн-қызметтер бойынша әлемнің ТОП-10 еліне енді. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты. Оның сөзінше, Alem.cloud ұлттық суперкомпьютерлік кластеріміз де, әлемдегі ең ірі 500 суперкомпьютердің қатарына кіріп, 86-орынды иеленді. Бұл орайда Astana Hub маңызды рөл атқаруда. Қазір онда екі мыңға жуық IT-компания жұмыс істейді. Олардың табысы 800 млрд теңгеге жетті.
Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ЖИ және цифрлық даму министрі:-2025 жылы Астана хаб желісі 20 аймақтық және 4 халықаралық алаңды қамтыды. Қатысушылардың табысы 800 млрд теңгеге жетіп, 20% өсті. Ал елдің IT экспортының көлемі 1 млрд долларға жетті. Халықаралық хабтар арқылы 100-ден астам қазақстандық стартап шетелдік нарықтарға шықты.
Цифрландырудың тағы бір жетістігі келесі жылы ұшақтар мен пойыздарда интернет қолжетімді болады. Ведомство басшысы Жаслан Мәдиевтің сөзінше, жазда негізгі бағыттардағы пойыздарда жолаушылардың шамамен 50 пайызы Starlink спутниктік интернетіне қосыла алады. Ал қазан айынан бастап әуе рейстерінде де мұндай мүмкіндік пайда болмақ.