Беделді халықаралық Bloomberg басылымы Алматы қаласын 2026 жылы баруға тұрарлық әлемдегі 25 үздік туристік бағыттың тізіміне енгізді. Мегаполис - аталған рейтингке Қазақстаннан кірген жалғыз қала. Туризм басқармасының мәліметінше, биыл мегаполиске келген шетелдік саяхатшылардың саны өткен жылға қарағанда 11 процентке артқан. Шетелдік қонақтар Алматының тек әсем табиғатына ғана емес, қазақтың мәдениеті, өнері мен тарихынан сыр шертетін музейлерге қызығушылық танытады. Bloomberg басылымы Алматы қаласының мәдени өмірін, бай тарихи мұрасын, дамыған гастрономиясы мен табиғатқа жақын орналасуын ерекше атап өткен. Бұл еліміздің әлемдік туристік ортада бәсекеге қабілеттілігінің артқанын көрсетеді. Биыл 9 айда Алматыға 1 миллион 869 мың турист келген. Олардың ішінде 600 мыңға жуығы шетелдіктер. Мегаполистің көрікті жерлерін көруге келген ішкі туристердің саны 1 миллион 300 мыңға жуық. Саяхатшылар санының артуына қала инфрақұрылымның жақсаруы мен қонақтарға арналған заманауи цифрлық қызметтердің енгізілуі оң әсер етуде. Дәурен Ерғалиев, қалалық Туризм басқармасының бөлім басшысы:
-Таулы аймақтардағы 1000 шақырымнан астам туристік бағыт цифрландырылып, 850 шақырымнан астамы абаттандырылды. 13 кемпинг аймағы құрылып, маршруттар навигациялық платформаларға интеграцияланды. Бұл туристерге бағытқа алдын ала дайындалуға мүмкіндік береді. Жоғары таулы аймақтарда әйенекпен қоршалған беседкалар, күн панельдерін орнатуды қолға алып жатырмыз.
Шетелдік қонақтар көбіне Медеу мұз айдыны, Шымбұлақ тау шаңғы курорты мен көрікті Көктөбеге барады. Сондай-ақ шаһардағы музейлер – шетелдік қонақтар ең көп тоқтайтын орындардың бірі. Мәселен, Ұлттық Орталық музейге биыл 60 мыңға жуық шетелдік қонақ келген. Олар көбіне, Қытай, Оңтүстік Корея, Үндістан елдерінің азаматтары.
Кризельда Пауль, турист (Филипин):-Мен анаммен бірге Қазақстанға саяхаттап келдім, біз мұнда бір апта болуды жоспарлап отырмыз. Қазір Қазақстанда жүргенімізге бесінші күн. Біз қазірдің өзінде бірнеше экскурсияға қатысып, сіздердің көлдеріңізге тәнті болды. Білесіз бе, анам өмірінде алғаш рет қар көрді! Ауа райы туралы айтар болсақ, әрине, өте суық.
Мегаполиске келген туристер сондай-ақ Алматыдағы жаңадан ашылған заманауи өнер музейі, Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейіне жиі бас сұғады.
Гүлжан Айнабекова, Сержан Жұмабаев