Шымкентте пиротехника саудасына бақылау күшейтілді

  • 3
  • 29.12.2025, 18:50

Құтқарушылар мен полицейлер сауда орындарын тексеріп, отшашудың сапа сертификаты мен сақталуына қадағалау жүргізді. Рейд барысында заңбұзушылық анықталды ма? Тұтынушылар нені білуі керек?

Шымкентте де пиротехникалық өнімдердің саудасына бақылау күшейді. Құтқарушылар мен полицейлер сауда орындарын тексеріп, отшашудың сапа сертификаты мен сақталуына қадағалау жүргізді. Рейд барысында заңбұзушылық анықталды ма?

Жаңа жыл қарсаңында сауда орындарына бақылау күшейтілді. Сапасы күмән келтіретін пиротехникалардың заңсыз айналымын жою мақсатында тексеріс жүргізіліп, тиісті құжаттары жоқ өнімдер тәркіленді. Құтқарушылар мен полицейлер «Заң мен тәртіптің» сақталуын жіті қадағалауға алды. 

Бибіайым Мұсаева, қалалық ПД Әл-Фараби аудандық ПБ аға инспекторы:

- Рейдтік іс-шара барысында күнде 4-5 протокол толтырамыз. Осы шырша бойынша және салют, пиротехника бойынша. Бірінші ауызша ескертіліп айтылды. Заң мен тәртіп бойынша сатуға болмайды. 

Тексеріс кезінде кейбір сатушылардың сауда жасауға рұқсат қағазы, өнімнің сапа сертификаты немесе сақтау талаптарын растайтын құжаттары болмай шықты. Сала мамандарының айтуынша, мұндай жағдайда пиротехникалық заттар қоғам өміріне аса қауіпті саналады. 

Жолдас Ахметов, қалалық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы:

- Пиротехникалық бұйымның өзі қауіп. Жану, жарылу қаупі жоғары болғаннан кейін біз барлық тұрғындарға ол заттың зауыттан арнайы шығарылған жалпы сертификаты болуы керек деп кәсіпкерлерге түсіндіріп айтамыз. 

Медициналық қызметкерлер де заңсыз пиротехниканың қауіпті екенін айтады. Кейде ол уақытынан бұрын жарылып, ауыр жарақат алып келуі мүмкін. 

Мәдина Ермаханбетова, қалалық гипербарикалық оксигенация орталығының бас дәрігері:

- Одан адам күйік алуы мүмкін. Бет күйіп қалуы мүмкін. Көз күюі мүмкін. Үлкен пиротехника болса, қолда ұстап тұрғанда қолы жұлынып кетіп, тіпті ампутацияға алып келуі мүмкін. 

Мереке қарсаңында гипербарикалық оксигенация орталығының жұмысы күшейтіліп, қосымша дәрігерлік кезекшілік ұйымдастырылды. Алайда сала мамандары соңғы жылдары қайғылы жағдай мен өрт оқиғасы азайғанын айтады. «Бұл рейдтік іс-шаралардың нәтижелі екенін көрсетеді», - дейді олар.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов