Петропавл тұрғыны 135 Аяз атадан тұратын ерекше коллекция жинаған

  • 2
  • 29.12.2025, 18:55

Жаңажылдық ертегі кейіпкерінің мүсіндері түрлі материалдан және әр кезеңде жасалған. Коллекция иесі Анна Ляшенко оларды 20 жылдан астам уақыт бойы жинап, кейбірін тіпті сатып алған. Көпшілігін өзі қалпына келтірген. Жаңа жыл қарсаңында ерекше жинақ көрмеге қойылды.

Анна Ляшенко балалық шағында өз үйіндегі шыршаның түбінде тұрған Аяз атаны табуды армандаған. Бұл оның коллекциясының жиналуына түрткі болыпты. Бүгінде қолында 135 түрлі Аяз ата мүсіні бар. 

Анна Ляшенко, коллекционер:

- Бұл арнайы тұздың тұтас кесегінен жасалған Аяз ата. Мұнда сымға ілуге арналған тесік, шамға арналған орын болған. Яғни шам ретінде пайдаланылған. Коллекциямдағы ерекше дүниелердің бірі.

Биыл коллекционер мүсіндерді ботаникалық бақтағы көрмеге қойды. Сөйтіп қала тұрғындары өз балалық шағындағы Аяз атаны тамашалауға мүмкіндік алды. Анна Ляшенко оларды температурасы қалыпты және құрғақ жерде сақтайды. Ультракүлгін сәулесі зиянды болғандықтан, қараңғылау жерге қояды. Мұнда Аяз атаның пластик, пенопласт, мата, гипс, картон, шыны сынды түрлі материалдардан жасалған түрі бар. Ең көнесі 1930 жылдары жасалыпты. Анна оны Алматыға барғанында сатып алған.

Анна Ляшенко, коллекционер:

- Бұл ерекше дүние. Денесі тығыз картоннан, аяғы ағаштан жасалған. Ең көне Аяз ата осы. Мұндайды ешқайдан таппайсыз.

Көрмеде Аяз аталардан бөлек, өзге коллекционерлер әкелген Ақшақарлар, гирляндалар және әр жылдардағы жаңажылдық ойыншықтар да қойылған. Соның бірі мына ерекше шырша.

Артур Рязапов, ботаникалық бақ директоры:

- Бұл шырша балалық шақтың бөлшегі іспетті. Біз Жаңа жылда ата-әжемізге барып осы шыршаны қосып беруді сұрайтынбыз. Ол айналып тұрғанда біз үшін нағыз сиқыр еді. Кейінірек есейе келе түсіндік. Оны қосқан кезде жылы ауа жоғары көтеріліп, мына қуыстарды үрлеп, шыршаны айналдырады екен. Отбасылық ерекше жәдігер.

Ботаникалық бақта Жаңа жыл сайын осындай ерекше көрме көпшілік назарына ұсынылады. Оған келушілер бір сәт балалық шаққа саяхат жасайды.

Руслан Нұрланұлы, Наталья Волкова, Қуаныш Қазбеков