Биыл 200 мыңға жуық отандасымыз Таиланд Корольдігінде демалған. Мұны осы елдің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі туристік компания өкілдерімен кездесуінде мәлімдеді. «Бұл өткен жылдармен салыстырғанда үш есе жоғары көрсеткіш», – дейді мамандар. Бұған визасыз режімнің енгізілуі және қосымша әуе рейстерінің ашылуы ықпал етіпті. Енді тараптар керісінше Тай елінен бізге келетін саяхаттаушылар қатарын арттыруды ойластырып жатыр. Жалпы екі ел 1992 жылдан бері дипломатиялық байланыс орнатқан. Екі елдің жылдық сауда айналымы орта есеппен 200 млн доллар болған.
Пияпин Нийомреркс, Таиланд Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі: -Тайландтық туристер Алматы қаласы мен сол өңірдегі Көлсай және Шарын шатқалын жақсы көреді. Сондай-ақ Қазақстан арқылы Орталық Азия елдеріне қатынау біздің азаматтар үшін танымал бағытқа айналды. Біз сондай-ақ сіздермен цифрландыру саласында ынтымақтастықты нығайтқымыз келеді. Келесі жылы біздің мамандар осында тәжірибе алмасуға келеді деп жоспарлануда.