Осы тұста бірқатар кооперативтерге ықшамаудан мәртебесін беру мәселесі дау тудырды. Соның бірі «Алтын Алма» саяжай кооперативі. Мұндағы кей тұрғындар өз қаржысына тартылған инженерлік желілер коммуналдық кәсіпорынның қарауына заңсыз өткізілді деп шағымданды. Ал қала әкімдігі бұған сот арқылы әлдеқашан нүкте қойылғанын мәлімдеді. Даулы мәселе Мәжіліс депутаттарының жергілікті тұрғындармен кездесуінде де көтерілді. Әкімдіктің дерегі бойынша «Алтын Алма» саяжай аумағындағы су құбырының құжаттары кезінде дұрыс рәсімделмеген. Сондықтан сот үкімі тұрғындардың пайдасына шешілмеді.
Асхат Рақымжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мүлікті заңдастыру барысында бірқатар кемшіліктерге жол берілді деген пікірдеміз. Сондықтан аталған мәселенің әлі де болса анықтайтын тұстары көп. Әділдік орнауы үшін жағдай жіті бақылауға алынуы тиіс. Бұл тұрғыда қалалық прокуратураға үлкен жауапкершілік жүктелетінін баса айтқым келеді.