2027 жылдың соңына дейін Қазақстан халқының 99 пайызы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылады. Үш мыңнан астам ауыл ғаламторға талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы қосылады. Биыл пойыздар мен жекелеген ұшақтарда спутниктік интернет іске қосылады. Бізде озық IT-шешімдер бар, бірақ ескірген әдістер әлі де сақталып отыр. Үкімет басшысы Олжас Бектенов цифрлық технологиялардың қолда бар әлеуетін тиімсіз қолданылатынын сынға алды. Министрлерге экономика үшін елеулі нәтиже беретін нақты цифрлық шешімдерге назар аударуды тапсырды. Әрі «Digital Qazaqstan» стратегиясын әзірлеуді жеделдетуді және оны мүдделі тараптармен бірге бекіту қажеттігіне тоқталды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Мемлекет басшысы 2026 жылды цифрландыру және ЖИ жылы деп жариялады. Біздің басты мақсатымыз – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту үшін экономиканың барлық салаларында серпінді технологияларды енгізу. Жаңа цифрлық өнімдердің оң нәтижесін әр азамат сезінуге тиіс. Озық технологиялар саласында біз цифрлық шешімдер мен қызметтерді сәтті жасап, сата білетін жетекші елдердің қатарына ілігуіміз керек.