Таразда жаңа жыл қарсаңында өртке оранған көпқабатты үйді жөндеуге 200 миллион теңге бөлінді. Тілсіз жау Қарасу шағын ауданындағы 15-үйдің 54 пәтерін бүлдірді. Жалпы жалын 900 шаршы метрді шарпыған. Тұрғын үйден 100 адам эвакуацияланды. Қазір олар қонақ үй мен туыстарының үйіне орналасқан. Әзірге өрттен келген шығын мөлшері – 160 млн теңгеге жеткен. Шығын көлемі одан да артуы мүмкін. Себебі өртті өшіру үшін шатырға шашылған су пәтерлерге өтіп, техникалары да істен шыққан. Айта кетейік, дәл жаңа жыл түні отқа оранған үйдің 4 пен 5-қабаты түгел жанып кетті. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Өрттің неден тұтанғаны комиссия қорытындысынан соң белгілі болады. Дегенмен алдын ала мәлімет бойынша «пиротехникалық отшашу себеп»,- деген дерек бар. Ал қала билігі бүлінген баспананы 2 аптада қалпына келтірмек.
Нұрсұлтан Исабеков, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:
- Шатырдағы демонтаждау жұмыстары аяқталып бүгін монтаждау жұмыстары басталып отыр. Шамамен бір аптаның көлемінде шатыр жабындылары толығымен аяқталады. Және де 12 пәтерде жөндеу жұмыстары басталып кетті. Зардап шеккен 54 пәтердің әрқайсысына жөндеу жұмыстары өзінің толық көлемінде атқарылатын болады. Тұрғвндардың барлығы ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда су электр желісі бұл үйге берілді.