Үкімет жекеменшік мектептер мен медициналық мекемелерді қаржыландыруды қайта қарайды

  • 114
  • 06.01.2026, 18:35

Жекеменшік мектептер мен медициналық ұйымдарды артық қаржыландыруды тоқтату қажет. Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында оларды субсидиялау саясатын қайта қарау керегін айтты. Енді жауапты министрліктер бұл бойынша бір апта ішінде тиісті ұсыныс әзірлеуі керек.

Үкімет басшысы бүгінгі жиынды Президент сұхбатында берілген тапсырмаларды талқылаудан бастады. Мәселен, әлеуметтік міндеттемелер. Ол толық көлемде орындалады деді. Келесі сұрақ жекеменшік мектептер мен медициналық ұйымдарды субсидиялау. Олардың бірқатары ауқатты кәсіп­кер­лердің иелігінде. Сөйте тұра азаматтар мемлекеттен де ақша алып отыр.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Артық қаржыландыруды тоқтату қажет. Адал бәсекелестікте жұмыс істей алмаса бізге мұндай бизнестің қажеті бар ма? Бұл салада алаяқтық кеңінен таралып кеткені бәріне мәлім. - Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктеріне бір апта ішінде аталған мәселелерді шешуге қатысты нақты ұсыныстар енгізу қажет.

Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де өз ісін ширату туралы тапсырма алды. Ведомства әкімдіктермен бірлесіп, жәрдемақылар мен төлемдерді тағайындау кезінде алаяқтық жағдайларын болдырмауға бағытталған кешенді шараларды қарастыруы тиіс. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Сөзден іске кірісіңіздер. Кез келген мәселеге прагматикалық тұрғыдан қарап, бюджет қаражатын барынша үнемдеп, нақты нәтиже берулеріңіз қажет. Ал есеп беру, презентация жасау дегеннің бәрін доғарыңыздар. Нәтиже болмаса оның бәрі бос әңгіме. Жұмыс істей алмасаңыздар ашық айтыңыздар. Бұл мәселені шешеміз.

Қазір істі үйлестіру, бақылау және бағалау үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана бастадық. Енді осы тәжірибенің ауқымын кеңейту жоспарлануда. Сондай-ақ 2027 жылдың соңына дейін Қазақстан халқының 99 пайызы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі. Үш мыңнан астам ауыл ғаламторға талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы қосылады.

Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:

- Автожолдарды мобильді байланыспен қамту бойынша жоба іске қосылды. Бұл республикалық және облыстық маңыздағы 40 мың шақырым жолды құрайды. Жобаны екі жылда аяқтау жоспарлануда.

Жаслан Мәдиевтің сөзінше биыл пойыздар мен жекелеген ұшақтарда спутниктік интернет іске қосылады. Әсіресе жолаушылар көп қатынайтын бағыттарға басымдық беріледі. Қазір Қазақстанда көлік-логистикалық тораптары салынуда. Оның ішінде автожолдарға қоса теңіз порттары, әуежайлар мен теміржол вокзалдары жаңғыртылуда. Үкімет басшысы бұл жұмыс кестеден кешікпесін деді. Сондай-ақ мал шаруашылығы мен туризмді дамыту тұжырымдамасын жақын арада әзірлеуді тапсырды. Құқық бұзушылықтарды анықтап, алдын алу жұмыстарында күшейту қажет.  

Авторлар: Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбеков.