Православ христиандары Рождество мерекесін атап өтеді

  • 109
  • 06.01.2026, 18:52

Қаңтардың 6-сынан 7-сіне қараған түні православ христиандары Рождество мерекесін атап өтеді. Бұл мереке Иса пайғамбардың тууына арналған діни ғұрып ретінде пайда болды. Адамдар шіркеулерге барып құдайға құлшылық етеді. Алматыда негізгі шара әдеттегідей Вознесенск кафедралды соборында өтеді. Ал Астанада мұндай жиындар елорданың басты ғибадатханасы Успен кафедралды соборында ұйымдастырылады. Мерекелік қызметті Қаскелең епископы, Митрополиттік округтің викарийі Геннадий жүргізеді. Рождество – сүйіспеншілік пен рақымшылық мерекесі. Христиан дәстүрінде Иса Мәсіхтің туған күні жаңарудың, бейбітшіліктің және ізгілік пен әділеттіліктің символы. Қазақстанда бұл күні демалыс жарияланған. Биыл Қазақстанның Православ шіркеуі бірқатар маңызды тарихи датаны атап өтеді. Осыған орай рухани-ағартушылық және мәдени шаралар жоспарланған.

Протоиерей Евгений , Қазақстан митрополиттік округі ақпараттық бөлімінің жетекшісі:

- Мерекенің басты оқиғасы  6 қаңтардан 7 қаңтарға қараған түнгі құлшылық.  Әрине, Рождество тек туған-туыстармен, жақындармен бас қосып, мерекелік дастарқан жаюмен ғана шектелмейді. Бұл күндері жақсылық істеп, мейірімділік танытқан жөн. Яғни, игі істер атқаратын уақыт. Әсіресе, қиын жағдайда жүрген, жалғыз қалған немесе ауырып жүрген жандармен  осы қуанышты бөліссек, Рождествоның мән-маңызы арта түседі.