Қазақстан – ауыл шаруашылығы саласына қыруар қаржы бөлетін елдердің бірі. Ал аймақта шаруаларды қолдау жөнінен көшбасшы. Жеңілдетілген несие көлемі жыл сайын еселеп өсіп келеді. Бірақ мемлекеттік көмектің тиімділігі күмәнді. Мұны кеше «Түркістан» газетіне сұхбат берген Президент айтты.
Қазақстандық шаруаларға былтыр 1 триллион теңге жеңілдетілген несие берілді. Бұл – тарихта болмаған рекордтық сома. 2024 жылы аталған көрсеткіш 580 миллиард теңге болған еді. Жалпы соңғы 10 жылда шаруаларға көрсетілген қолдаудың көлемі 10 есе артқан. Алайда оның тиімділігі күмән тудырады, - деді, Президент. 2015-2024 жылдар аралығында ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 2,5 еседен астам өскен. Бірақ Мемлекет басшысы бұл көрсеткішті одан да көбейтуге болатынын айтады. Дегенмен жалпы нәтиже жаман емес. Мәселен, астық пен ұн экспорты рекордтық деңгейге жетіп, өнім жеткізілетін елдердің географиясы кеңейе түсті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Енді басқа бағыттардағы жұмысты күшейту қажет. Ең алдымен, мал шаруашылығын дамыту керек. 2035 жылға қарай әлемде мал етін тұтыну көлемі 233 миллион тоннаға дейін өседі. Соған сәйкес, оның импорты 27 миллион тоннаға дейін артады. Қазақстанның, сыртқа, әсіресе, Азия елдеріне ет шығаратын ірі экспорттаушыға айналатын мүмкіндігі бар».
Мал шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан тиісті көңіл бөлініп, көмек көрсетіліп жатса, шаруалар да аянып қалмаймыз деп отыр. Мал басын көбейтіп, асылдандыруға олар да мүдделі.
Әкпар Мәуленов, Қазақстан фермерлері одағы төрағасының орынбасары:
- Біздің өзіміздің тұрған жеріміз де, табиғатымыз да осы мал өсіруге бейімделген ғой. Біздің ата кәсібіміз – мал өсіру деген. Мал шаруашылығын қолға алып, мал басын көбейтуге жағдай жасап, Үкіметтен оған да тиісті қаражат бөліп, сондай көмек көрсету керек. Жақын арада сондай бір үлкен бағдарлама қабылданайын деп жатыр. Қазір соны Ауыл шаруашылығы министрлігімен талқылаймыз. Ол бағдарламаның ішіне не кіреді, қандай іс-шаралар жасау керек деген сияқты.
Іргелес елдердің ешқайсысында ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан ауқымды көмек көрсетілмейді. Мұны да Президент баса айтты. Бірақ, сол субсидиялардың көбін ірі шаруашылықтар алып отыр. Салдарынан шағын қожалықтар қолдаудан қағылып келеді. Мемлекет басшысы Үкіметке осы мәселеге айрықша назар аударуды тапсырды.
- Субсидиялар бойынша фермерлердің алдындағы берешек өте көп. Қазіргі күнде 360-370 млрд теңге көлемінде Үкімет фермерлерге қарыз. Ол алдыңғы жылдардан бері келе жатқан қарыз. Ол көбіне сыйақы мөлшерлемесі бойынша несиенің. Сол субсидияны биыл бюджет ескеріп, қайтарса деген тілегіміз бар. Өйткені ол – қомақты қаржы, едәуір көмек.
Бірақ субсидиялардың соңы масылдыққа алып келмеуі тиіс. Президент мұны да қатаң тапсырды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы саладағы еңбек өнімділігі мен ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру үшін шаруаларды кооперативтер пен бірлестіктерге бірігуге үндеді. Өйткені, бұл дайын өнімді сататын нарықтарға жақын болуға, тұтынушылармен ұзақ мерзімге арналған қарым-қатынас орнатуға жол ашады. Бірақ, кооперация өзінен өзі пайда бола салмайды. Ол үшін ел ішінде егжей-тегжейлі түсіндіру және ұйымдастыру жұмыстарын қолға алу қажет. Алайда, бірлестік құру ісін науқанға айналдырып, жұртқа қысым көрсетуге, оларды мәжбүрлеуге жол берілмейді, - деді, Қасым-Жомарт Тоқаев.
Авторлар: Дамир Берікұлы, Саят Рамазанов.